Қостанай өңірдегі оқу орындарында 6 мыңға жуық жас білім алуда

12 қыркүйек 2019, 18:35

Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан жастарымыздың заманға сай білім алуы, келешекте білікті маман болуы өздері үшін де, ел үшін де маңызды. Мемлекетімізде жүргізіліп отырған саясаттың мәні де сол – жастардың болашағына қамқорлық жасау. Жастарға кедергісіз білім алып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отырған бағдарламалардың бірі – «Серпін». Қазіргі таңда Серпін-2020» бағдарламасы аясында 5627 жас Қостанай облысындағы оқу орындарында білім алуда. Бұл да өңірдегі көші-қон мәселесі бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатарына жатады.


Бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба халық саны және жұмыс күші аз солтүстік өңірге оңтүстік жастарын оқытып, әлеуметтік мәселереді шешуді көздейді. Оңтүстік өңірлерде халықтың тығыз орналасуы, бала туу көрсеткішінің жоғары болуы, өндіріс орындарының аздығы жұмыссыздықты және әлеуметтік теңсіздікті тудырады. Осы орайда демографиялық өсімі жоғары оңтүстіктің жастарын солтүстікке, орталық және шығыс өңірлеріне шақырып, индустрияландыру шарасына тарту қажеттігі туындады. Жастарды жұмыспен қамтуға қатысты елімізде «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» секілді басқа бағдарламалар өңірлерде белсенді жүзеге асырылуда. Қостанай облысында мемлекет басшысының бағдарламасы бойынша жасалып жатқан шаралар аз емес. Мұндағы жұрт Оңтүстіктен қоныс аударып келіп жатқан қандастарымызды қашан да құшақ жая қарсы алады. Өткен жылы Қостанайда миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Бұған дейін Қостанай қаласына келген шетел азаматтары мемлекеттік қызметтерді алу үшін бірнеше мекемелердің табалдырығын тоздыратын. Былтыр 10 ай ішінде Қостанай облысында 2531 еңбек мигранттарына қызмет көрсетіліпті. Ал биыл «Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасы аясында Қостанай облысы 883,9 мың адаммен толықты. Бүгінде Қостанай өңірінің елдімекендері оңтүстіктен келген отбасылармен толығып, мамандар саны көбейіп келеді. Өйткені өңірде қоныстанушыларға тұрақты жұмыс, тұрмысқа жайлы баспана ұсынылады. Әрбір көшіп келушіге өңір басшылары әлеуметтік жауапкершілікпен қарап, қолдарына көмекті аямайды. Қоныс аударушыларға жергілікті халық та барынша жылы қабақ танытуда. Өңірдегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, Қостанай өңірінде жыл басынан бері 9,7 адам жұмыспен қамту мекемелерінің көмегіне жүгінген. Олардың 91%-і – жұмысқа тұруға өтініш білдірушілер. Қостанай облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өңірде сәтті жүзеге асуда.

Алаш айнасы