Алматтың әзілдері
Біреу досына келіп:
– Саған айтар екі жаңалығым бар.
– Жақсысынан баста.
– Жақсы жаңалығым бар деп кім айтты саған?
***
Жатақхананың жетінші қабатындағы бір бөлмеде студенттер туған күн мерекесін атап өтуде. Жігіттердің бірі досына:
– Жүр, балконға шығып темекі шегейік.
– Мен балконда темекі шекпеймін.
– Неге?
– Өзің ойлашы, темекі шегіп болып, қалдығын балконнан тастап жіберсең, ол барып біреудің балконында жаюлы тұрған киімдерге немесе төменгі қабатта ашық тұрған терезедегі пердеге тиіп, өрт шығып кетуі мүмкін. Содан көрші-қолаңдар шулап, өртсөндіргіштер келіп, полиция қызметкерлері арнайы тергеу жүргізуі мүмкін. Содан менің кінәлі екендігім анықталып, мені теледидардан көрсетуі мүмкін. Оны көрген мамам менің темекі шегетінімді біліп қойса, ұят емес пе?
***
Бір кісі әріптесіне мұңын шағып отыр:
– Кеше ғана жалақы алып едім, бүгін таңертең әмиянымды жоғалтып алдым, енді ұялып тұрғаным.
– Ұялғаны несі?
– Әмиянды тауып алған адам ішіндегі аз ақшаны көріп «мына бейшараның жалақысы осы-ақ па» деген шығар...