Алматтың әзілдері

28 қараша 2013, 11:58

Егер жазғы демалыстан оралған депутаттарға: «Міне, жазғы каникулда кабинетті жөндеп, еденді ауыстырып, жаңа перделер ілдік, енді осының ақшасын өткізіңіздер» десе, олар ішін басып күлер еді.
Ал дәл осы сөзді мектеп оқушыларының ата-аналарына айтқанда, олардың күлуге шамасы келмей қалатыны қалай?

***
Спорт институтында қазақ әдебиетінен емтихан өтіп жатыр. Жауап беруге классикалық күрестің студенті шығыпты.
– Ал, айта қойшы, қазақтың қандай классиктерін білесің?
– Ну-ууу... Джаксилик Учкемпиров, Давлет Турлуханов...
– Жоқ, мен оларды емес, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сияқты классиктерді айтып тұрмын.
– Мен аларды билмейм, агай, может олар «вольниктер» шыгар...

***
Университетте ректор барлық деканды жинап алып келесі жылдың бюджетіне байланысты жиын өткізіп жатыр:
– Осы, физика факультеті, бізді титықтатып біттіңдер. Ылғи да қымбат құрал-жабдықтарға тапсырыс бересіңдер! Химия факультеті де солай, лаборатория жабдықтары қымбат, химреактивтер де өте қымбатқа түседі! Мына математиктерден үлгі алмайсыңдар ма. Оларға қағаз, қарындаш пен өшіргіш болса болғаны! Ал, негізінде, ең үнемді факультет  – саясаттанушылар, оларға тіпті өшіргіштің де қажеті жоқ.