Алматтың әзілдері

14 желтоқсан 2013, 12:53

Есеп:
«Мектеп директоры оқу ғимаратын жөндеу­ден өткізуге мұғалімдер мен ата-аналардан 200 мың теңге жинап алды. Директорға жаңа кіржуғыш машина мен тоңазытқыш не үшін керек?»

***
Әкесі жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасқан баласына:
– Балам, сен үлкен жігіт болдың, енді еркін жүріп-тұрып, темекі тартсаң  да қарсы болмаймын.
– Әке, мен темекіні қойғалы екі жыл болды ғой...

***
Кішкентай екі бала сөйлесіп тұр:
– Туған күнің қашан?
– 20 қарашада.
– Қай жылы?
– Жыл сайын ғой...

***
Ата-анасы қонаққа барып, үйге кештеу оралады. Қараса, бөлмелердің іші апыр-топыр, заттардың бәрі шашылып жатыр:
– Балам-ау, үйді сонша шашпай-ақ ойнауға болмас па еді?
– Мама, мен ойнаған жоқпын.
– Енді не істедің?
– Кәмпит іздегем ғой...