Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ТАСАТТЫҚ – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Тасаттықта көпшілік қауым болып жиналып, құрбандық шалып, сауабын аруақтарға бағыштап, құран оқылып, Алладан жаңбыр жаууын тілеп, ниет қылады. Тасаттыққа жиналған қауым діни рәсімдерді атқарумен қатар, жиынның соңын мереке, сауыққа айналдырады.
ТАСБОРАН – (заң жолы, ғұрып). «Тәңірге тіл тигізген адамның сөзін жеті куәгер растаса, онда оған тас лақтырылып өлтіріледі» (Әз Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңынан). Бір адам ел- жұртына сатқындық жасаса, әйелі еріне опасыздық жасаса, ел-жұрт естімеген, көрмеген қылмыс жасаса, сондай-ақ айуандықпен жазықсыз адам өлтірген кісі өте ауыр қылмыстары үшін «тасборан» арқылы өлім жазасына кесілетін болған. Яғни өлімге бұйырылушының аяқ-қолын байлап, жұрт алдына әкеліп, оған қатысқан барлық адам қолына бір-бір тас алып, қылмыскерге тас лақтырып өлтіреді. Мысалы, Құнанбай Қодар мен Қамқаны өлтіргенде осы «тасборан» заңын қолдаған.
ТӘБӘРІК – елдің ақылгөй, жақсы-жаманды көрген, ұзақ жасаған, қадірлі ата, әже болған кісілердің өзінен кейінгілерге берер жоралғысы. Ол ақша, зат, мал не киім түрінде болуы да мүмкін. Бұл ниетте, әлбетте, жастардың үлкендерге, үлгі боларлық адамдарға еліктеуі де көрініс табады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы бірнеше санында қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062