Ашықтық

Ұйымның уайымы экология болып тұр

  • Ұйымның уайымы экология болып тұр

    Ұйымның уайымы экология болып тұр

Әлем бойынша экология – ортақ проблема. Осы ретте ЕҚЫҰ-ның ең негізгі көтерер үш мәселесі бар. Біріншісі – әскери-саяси өлшемдер (яғни қаруларды таратуды бақылау, жанжалдарды шешуге дипломатиялық күш-жігер жұмсау) ; екінші – адами өлшемдер (адам құқығын қорғау, сайлауларға мониторинг жүргізу) ; үшіншісі  – экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті сақтауға бағытталады.


Алайда осы уақытқа дейін ЕҚЫҰ аясында алдыңғы екі мәселеге жіті назар аударғанымен, үшінші – экология мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отырған секілді. Әрине, биік мінберлерден экологиялық мәселелер айтылады, алайда көтерілген проблемалар тиянақты шешімін тауып жатыр деу қиын. Осыдан біраз бұрын Копенгагенде бүкіләлемдік экология мәселесі көтерілді, онда Арал, Балқаш проблемалары, ядролық қарусыздандыру, ғаламдық жылыну процестері айтылды. Дегенмен Орта Азия мемлекеттері арасында судың өзі саясатқа айналып бара жатқан секілді. Мәселен, мамандар Сырдария өзенін Қырғызстан мен Тәжікстан, Ертіс өзенін Ресей қысып отырғандығын айтуда. Тіпті Өзбекстан Орта Азия аймақтық экологиялық орталығын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясынан шығып кетті. Егер осылай жалғаса берсе, Орта Азияның кейбір елдерін құрғақшылық жайлау қаупі бар.


Арал теңізі тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасы болып табылады. Бүгінде әлемнің барлық жерінде ауа райының жаһандық жылыну үрдісі байқалып, бұл әлемдік экологтердің дабыл қағуына түрткі болып отыр. Жыл сайын ауа температурасының көтерілуі полюстердегі мәңгілік мұздардың еруіне алып келіп, соның салдарынан мұхит суларының деңгейі көтеріліп, жағалау бойына жыпырлай орналасқан ірі қалалар, елді мекендер су астында қалады деген қауіп айтыла бастады. Ғалымдар арада 30-40 жыл өткенде, Солтүстік Мұзды мұхиттың жылдың жылы мезгілдерінде толығымен мұз құрсауынан босанатындығын алға тартады. Әлемнің ең биік мұзарт шыңды Гималай тауларының да мұздақтарына еру қаупі ұлғайып келеді. Егер дәл бүгінгі қарқынмен ол әрі қарай жүре берсе, онда 2060 жылдары мұздақтардың – үштен екісі, ал 2100 жылдары барлығы да еріп кетуі мүмкін. Алайда осындай ауқымды мәселелер, экологиялық апат алып келетін жағдайлар ЕҚЫҰ төңірегінде көтерілгенімен, ортақ проблеманы бірлесіп шешуге ықтияттық танытпай отырғандай. Әрине, Қазақстанның жер-жерлерінде ЕҚЫҰ бастамасымен Орхус орталықтары құрылып жатыр. Олар аймақтардың экологиялық ахуалдарының жақсаруына қызмет етпек. Дегенмен олардың экологияға қаншалықты игі септігін тигізе алатынын уақыт көрсетер. Бұл жөнінде «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің пікірі төмендегідей: «Енді Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болып отыр. Бұл ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – экологияны сақтау. Сондықтан экологиялық апаттардың алдын алуға Қазақстан үлкен ұйым төңірегінде бастамалар көтеруі қажет. ЕҚЫҰ көбіне саяси, адам құқықтары жөніндегі мәселелерге басымдық танытып, экологияны үшінші, төртінші қатарға ысырып қоюда. Сондықтан Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде экологиялық мәселені алдыңғы қатарға шығару керек деп ойлаймын».


Төлебай ӘДІЛОВ, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Киото хаттамасы департаментінің директоры:

– Былтыр Копенгагенде ғаламдық жылыну мәселесіне қатысты үлкен конференция болды. Оған 100-ден аса елдің Мемлекет басшылары мен Премьер-министрлері қатысып, бірлескен уағдаластыққа қол қойды. Бірақ ол саяси мәміле болды. Құқықтық негізде бекітілген жоқ. Таяуда біз БҰҰ хатшылығына: «Біз Копенгагенде көтерілген мәселелерге келісеміз және қолдау білдіреміз», – деп хат жаздық. Кеше ғаламтордан қарасақ, оған жалғыз біз емес, 100-ден аса мемлекет келісіп, қол қойыпты. Ең басында Қытай, Үндістан, Америка тұр. Әрине, бұларда экономикалық дағдарыс онша сезіліп отырған жоқ. Сондықтан көмір қышқыл газдары оларда ауаға көп тарайды. Ал бұл дегеніміз – ғаламдық жылынуға әкелетін бірден-бір себеп екені белгілі. Енді үлкен державалар экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге келісіп, қол қойғаннан кейін, олар көмір қышқыл газын ауаға белгілі бір мөлшерде ғана шығаруға міндет алады. Мәселен, олар 15 жылдың ішінде көмір қышқыл газын 15 пайызға қысқартуы тиіс. Бұл міндетті тек ірі елдер ғана емес, қол қойған, қолдау білдірген мемлекеттердің барлығы да алып отыр. Бұл ретте Қазақстан 2020 жылға дейін көмір қышқыл газын ауаға жіберуді 15 пайызға қысқартуы керек.


 




Көрілген: 5626    Пікірлер: 0

жұма, 23.04.2010, 15:45

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30