Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі

15 сәуір 2022, 13:46

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы орайда биыл қоғам қайраткерінің туған жеріндегі "Қостанай" халықаралық әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі деп күтілуде. Бұл хабарды сүйіншілей жеткізген ахметтанушылар Үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланғанын айтады. Үкімет қаулысы 29 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылған көрінеді.

Атап өтер жайт, тұтас ұлтқа ұстаз атанған жанға кез келген құрмет жарасымды. Жалпы елімізде соңғы жылдары өзі дүниеге келген аймақтардағы әуежайға, көше атауларына сол өңірге белгілі тұлғаның атын беру қалыптасып келеді. Сондықтан 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген Ахмет Байтұрсынұлының атының "Қостанай" халықаралық әуежайына берілуі өте орынды екені сөзсіз. Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы, Ұлт ұстазы атанған тұлғаның қазақ халқының тарихында орыны ерекше. 

Қазақ альфавитін құрған тұлғаның еңбегінің арқасында талай уақыттан бері қазақ хат таныды. Қазақ тарихындағы тұңғыш газеттің де жарық көруіне атсалысқан ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов болатын. Қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, жарық көрген тұңғыш жалпыұлттық "Қазақ" газетін шығара отырып, сол кездегі қазақ санасын маса болып оятам деген ғалымның еңбегі қайтты деуге болады. Ұлт ұстазының салып берген жолы арқылы, оның бастамалары жалғасын тауып, ұлтымыздың тарихында көптеген игі істердің іске асуына мұрындық болды. 
Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз атылып кеткен. Алайда оның халқы үшін жасаған еңбегін халық ұмытпайды. 

Ерзия Ерсұңқар