Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жөніндегі жобаларды іске асыруға барлық этномәдени бірлестіктердің атсалысуы қажет екенін атап өткен болатын. Осыған орай бүгінде еліміздегі этномәдени орталықтар бұл жобаларды жүзеге асыруға белсене кіріскен.
Жалпы елімізде бүгінде 1338 этномәдени бірлестік жұмыс жасап жатыр. Оған қоса 41 достық үйі мен үш мыңдай қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқаруда. Осы орайда осынау ұйымдардың барлығы халық санасына серпін береді деп күтіліп отырған жобаларды жүзеге асыруға белсене кіріскен.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жахандану дәуірінде рухани құндылықтарымызды түгелдейтін, халқымыздың санасын серпілтіп, өткенін жаңғыртатын дер кезінде қолға алынған бағдарлама болды. Ел дамуында ұлттық құндылықтардың, елдік ерекшеліктің, азаматтарымыздың санасын рухани тұрғыдан жаңғыртудың маңызы зор. Сондықтан бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуге ұмтылып жатқан тұста, ел дамуын басты шарт етіп, мемлекетіміз дамыған елдердің қатарына ұмтылып жатқан тұста өткенімізге үңіліп, бар жоғымызды түгелдеп алу қажет. Осыны сезгендіктен Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа бағыттады. Және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше бағытты айқындап берді. Яғни осынау бағыттар арқылы қолға алынған іс-шаралар, шын мәнінде рухымыздың жаңғырып, өткенімізге үңіліп, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп алуда негізгі бағыт бағдар, адастырмайтын шамшырақ болмақ.
Бүгінгі күні ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы, ұлттың жанына жақын, қанына сіңген қасиеттерді жаңғырту арқылы дамудың дұрыс, даңғыл жолында келе жатқанымызды аңғарып отырмыз. Мәселен сот саласында бірнеше жылдан бері медиация жүйесі енгізілді. Шын мәнінде бұл сан ғасырдан бері билеріміздің бітімгершілік рәсімі, дала заңының жазылмаған қағидасы болатын. Осы бітімгершіліктің арқасында қазақ даласында ұзақ уақытқа созылған жанжал, араздық болмаған. Түрмесіз ақ тентегін тезге салып, талай ел қысқа уақыт ішінде дау-жанжалын бітімгершілік рәсімі арқылы шешіп алған болатын. Бұл жүйе халқымыздың қанында болғандықтан, қоғамымызға тез сіңісті. Бүгінде құқық қорғау органдары мен сот саласы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы, Қазақстан Мұсылмандары діни Басқармасы, Жоғары оқу орындары, яғни қоғамымыздың барлық саласы медиация жүйесінің қанатын кең жаюыны ықпал етуде. Өткенімізге үңіліп, қазақтың тарихында бұрыннан бар осындай құндылықтарымызды жаңғырта білсек, рухани жаңғыру өз мақсатына жетіп, санамызда да серпіліс орын алады. Ұлттық құндылықтарымыз қайта оралу арқылы, ұлт ретінде бағамыз да арта түседі. Шын мәнінде рухани жаңғыру тұтас қоғамның барлық саласына қатысты.
Рухани жаңғыру аясында бүгінде қыруар жұмыстар атқарылуда. Ең қуаныштысы талай жылдар бойы атауы да, идеясы да ұғымымызға сай емес, атаулардан арыла бастадық. Әсіресе Солтүстік облыстағы, Шығыс Қазақстан аумағындағы қалалар мен елдімекен атауларының қазақылануы талай мамандарымыздың арманы болатын. Мәселен жақында Сандықтау ауданында жергілікті судьялары мен әкімдіктің ұсынысымен осы ауданға қарасты елдімекендердің атаулары мен көшелерінің атауы қазақыланып, қазақтың тарихи тұлғаларының есімімен атала бастады. Бұл өзгерістер осы өңірдегі қоғамдық кеңес отырысында ашық дауыс беру арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде Сандықтау ауданының Каменка ауылына қарасты Заготзерно көшесі Қанай би болып өзгертілсе, Васильевка ауылының Школьная көшесі Сақұлақ би атауына ие болған. Сондай-ақ Ұлан ауылындағы Гвардейская көшесі Әйтеке би аталса, Степная көшесі Қанай би, Школьная көшесі Төле би болып, Мысок ауылындағы Набережная көшесі Қазыбек би өзгертілген. Қазақтың үш биінің, қазақ халқының қалыптасу жолында еңбегі зор. Билеріміздің есімін ұрпақ жадында сақтау үшін есімдерінің көшелерге берілуі, жергілікті халықтың да көңілінен шыққаны байқалады. Сондай-ақ биылғы жылдың басынан бері Алматы қаласында 170-ке жуық көшенің атауы өзгеріпті. Фариза Оңғарсынова, Мөңке би, Молдияр Серікбаев, Рафиқа Нұртазина, Жәңгір хан, Әбіш Кекілбаев, Әбілқайыр хан, Еркеғали Рахмадиев, Хасен Оралтай, Сағи Әшімов, Батырхан Шүкенов секілді елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың атауы негізінен Алатау ауданындағы көшелерге берілген. Осынау тұлғаларымыздың аты өшіп, есімі ұмытылмасы үшін көше атауларының берілуі қоғамымыз үшін үлкен жетістік.
Жақыннан бері Павлодардағы Кутузов көшесі де Тәуелсіздік даңғылы деп атала бастады. Өскемендегі Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің атын беру туралы бастама көтерілуде. Бір ғана сала бойынша бағдарлама аясында осынша жетістікке жетіп отырмыз. Демек алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» аясында мұндай шаралар жалғасын таба бермек. Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени орталықтар да "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында іс-шаралардың ұйымдастырылуына өз үлесін қоса бермек.
Еркенұр Ерзия