1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік көліктердің тағдыры не болады – ІІМ жауабы

15 желтоқсан 2022, 16:58

Шетелден әкелінген көлікті заңнамаға сай тіркемеген жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер ІІМ өкілінен 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автокөліктердің тағдыры не болатынын сұрады.

 

"Президент ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктер заңдастыруға жататынын нақты айтты. Олар (1 қыркүйектен кейін жеткізілген көліктер – Sputnik) бекітілген тәртіппен тіркелмеген. Жалпы жол қозғалысына қатысу үшін автокөлікті тиісті тәртіппен тіркеу қажет. Мемлекеттік нөмір мен көлікті тіркегені туралы куәлік керек. Егер мұндай құжаттар болмаса, жүруге болмайды. Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілік көзделген", - деді Сұлтанбаев.

 

Тіркелмеген көлікті айдағаны үшін бірінші рет 10 АЕК – 30 630 теңге, ал егер сол жағдай қайталанса 20 АЕК – 61 260 теңге айыппұл салынады немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Сұлтанбаев шетелдік көлігін заңдастырмаған азаматтар машинаны елден шығарып немесе көлікті бөлшектеп сатуы керек екенін айтты.

 

"Басқа жол көріп тұрған жоқпын", - дейді ол.

 

1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді заңдастыру үшін 200 мың теңге мөлшерінде бірыңғай алым алынады. Парламент тиісті түзетулерді қабылдады.

 

Сондай-ақ заңдастырылатын автокөліктердің кәдеге жарату төлемін алып тастау үшін Экологиялық кодекске түзетулер енгізіліп жатыр.