Кореядан көлік әкелген тиімді ме

22 қазан 2021, 20:02

Жұрттың ресми емес сатушылардан қандай Hyundai және Kia алатынын білейік.

 

Hyundai мен Kia-ның ресми орталықтары Қазақстанда көп жылдан бері жұмыс істейді, әрі екі брендтің модельдері біздің елде құрастырыла бастағанына да бірнеше жыл болды. Ал Hyundai жақында Алматыдағы зауытта Accent шығара бастады.

 

Ел аумағынан «Қазақстанда жүрмеген» немесе «Кореядан келген» деп саудаланып жатқан Hyundai мен Kia өнімдерін кездестіруге болады. Олардың отанынан «сұр импорт» арқылы әкелінетіні жасырын емес. Кедендік салық, утилизациялық алым және алғашқы тіркеу үшін қомақты ақша төлеу керек болса да, мұндай көліктер көбейіп келеді. Оңтүстік Кореяда көлік шынымен соншалық арзан ба?

 

Жаңа машиналар

 

Автосалондардағы ресми баға тізімінен жаңа техниканың қағаз жүзінде қолжетімді екені байқалады. Мысалы, Қазақстанда Hyundai Elantra седанын 8.2 млн теңгеге аласыз. Кореяда ол Avante деп аталады. 1.6 литрлік бензинді мотор қойылған, механикалық қорабы бар ең арзан нұсқасы 16 миллион вона (шамамен 6.1 млн теңге) тұрады.

 

 

Оның үтсіне қарапайым Avante Elantra-дан әлдеқайда жақсы жабдықталған. Үздік нұсқадағы көліктің бағасы да тиімді көрінеді. Мұндай машина үшін Кореяда 25 миллион вона (9.6 млн теңге) сұрайды. Ал бізде 2.0 литрлік моторы бар Luxe комплектациясындағы седанның бағасы — 12 млн теңге.

 

 

Бірақ Avante Қазақстанға келген кезде кедендік рәсімдеуден өтуі керек. 2021 жылы седанға төленетін кедендік салық — 15 %. Сондай-ақ жеткізіп беру ақысын (1.7 мың долларға жуық), 12 % қосымша құн салығын, 350 АЕК утилизациялық алым төлеп, ЭВАК орнату үшін тағы біраз шығындаласыз.

 

Осы шығындардың бәрін қосқанда базалық Hyundai Avante-нің (механикалық қораппен) Қазақстандағы бағасы шамамен 10.1 млн теңге болады. Бұл сомаға біздің елде құрастырылған, 1.6 литрлік моторы бар Elegance нұсқасындағы (автомат) Elantra аласыз. Демек мұндай машинаны Кореядан әкелу тиімсіз.

 

Үш жасқа дейінгі машиналар

 

Kolesa.kz сайтынан Оңтүстік Кореядан әкелінген машиналарды іздесеңіз, олардың шыққанына үш жыл толмағанын байқайсыз, бұл біздің елдегі кореялық көліктерді байланыстыратын ортақ ерекшелік. Мұның қисынды себебі бар: Қазақстанда екі жасқа дейінгі автокөліктер жаңа болып саналады, сондықтан бастапқы тіркеу ақысы бар болғаны 0.25 АЕК. Сәл ескі модель үшін (екі жастан үш жасқа дейін) 50 АЕК төлеуге тура келеді, ал шыққанына үш жылдан асқан көлікті тіркеу құны — 500 АЕК.

 

Есіңізде болсын: Оңтүстік Кореядан жеткізілген автомобильді сатып аларда мұқият тексерген жөн. Көптеген сатушылар шетелден сынған машиналарды әкеліп, жөндетеді де «соғылмаған, боялмаған, Қазақстанда жүрмеген» деп сатады. Одометрдегі көрсеткіш те шынайы болмауы мүмкін.

 

Егер тек баға тұрғысынан қарасақ, Қазақстанда ресми сатылатын жүрілген модельдерді елге әкелу тиімсіз екеніне көз жеткіземіз. Мысалға Kia K5-ті алайық. Қазақстанда ол бұрын Optima деп аталған. Кореядан келген көліктердің бағасы 7.5-11.8 миллион теңге аралығында болса, Қазақстанда құрастырылған седандар 7.5-11.7 миллион теңгеден саудалануда. Жүрген жолдары да шамалас: 20-60 мың шақырым (2018-2019 жж. шығарылған). Дегенмен елден ерек көлікті де кездестіру қиын емес. Таң самалы елінен келген 2019 жылғы K5-тің бірі 130 000 шақырым жол жүріпті. Ол біздің елге тікелей таксопарктен келген сияқты.

 

 

Демек кореялық көліктер сатып алушыларды арзан бағасымен емес, үздік комплектациясымен тартатын сыңайлы. Олардың тағы бір ерекшелігі — зауытта газ баллон орнатылуында.

 

 

Kolesa.kz сайтында сатылып жатқан 80 Kia K5-тің 50 %-ы тек сұйытылған газбен (LPG) жүреді. Кейбір сатып алушылар осы үшін нағыз «кәрісті» таңдайды.

 

Қазақстанда сатылмайтын модельдер

 

«Сұр импорт» арқылы елге бізге таңсық автомобильдер жеткізіліп жатыр. Бұл жерде жеке модель туралы емес, Қазақстанда ресми сатылмайтын машиналар жайлы айтып отырмыз.

 

Қазір Hyundai автосалонына барып, Grandeur, Kona, Veloster немесе Palisade-қа тапсырыс бере алмайсыз (соңғысы бізге жазда келеді). Kia дилерлік орталығы сізге K7, K9, Mohave, Stinger, Telluride немесе Carnival минивэнін (жыл соңында Қазақстанда тұсаукесері өтуі мүмкін) сатпайды.

 

Kia Carnival

 

2018 жылдан кейін шығарылған 40-тан астам Kia Carnival сатылып жатыр. Бағалары әртүрлі, 35 мың шақырым жол жүрген 2.2 литрлік моторы бар 2019 жылғы машина 10.9 млн тұрады. Ал 3.5 литрлік мотор орнатылған су жаңа минивэн 38 миллион теңгеге бағаланып отыр.

 

Kia K7-ге қатысты да осыған ұқсас жағдай байқалады. Шыққанына үш жылдан аспаған 40-қа жуық көлік сатылымға қойылған. Ең арзаны 10 миллионнан сәл төмен бағаланса, ең қымбаты 20 миллион теңге тұрады.

 

Kia K7

 

Қазақстанда табылмайтын кейбір модельді Ресейден сатып алуға болатынын айта кеткен жөн. Көрші елдің автосалондарынан Hyundai Palisade, Kia Mohave, Stinger және Carnival модельдерін таба аласыз. Бұл елден сатып алған көлікке утилизациялық алым мен жеткізу ақысын төлейсіз, бірақ кедендік рәсімдеу үшін ақша жұмсаудың қажеті жоқ.

 

Қорытынды. Оңтүстік Кореяда машина біздегі бағамен салыстырғанда шынымен арзан, бірақ кедендік салық пен өзге де төлемдерді қосқанда айырмашылық қалмайды.

 

Сол үшін газбен жүретін, зауыттық жабдықтары бар, жақсы жабдықталған немесе Қазақстандағы сатушылардан табылмайтын модель іздесеңіз ғана Кореядан көлік алған жөн.

 

 

 

 

kolesa.kz