Алматы облысында жыл басынан бері алкогольді ішімдік ішіп, көлік айдаған 340 жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін жаяу жүргіншілер де көп бұзған. Оларға қатысты 9310 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, көлік жүргізушілерінің басым бөлігі алдыңғы терезеге қараңғылайтын қабыршақ жапсырғаны үшін жауапқа тартылды. Олардың саны - 5 мың. Заңмен тыйым салынғанына қарамастан, жолда жүріп келе жатып, телефонды қолданған 3 мың жүргізуші айыппұл арқалады. Сонымен қатар, 340 жүргізуші көлікті алкогольді ішімдік ішіп жүргізгені үшін жазаланды. Олардың ісі сотта қаралып, заң аясында қатаң шаралар қабылданды - жүргізуші куәлігінен айыру және әкімшілікке қамауға алу. «Өңірде автокөлік қатары көбеюіне байланысты полиция тарапынан бақылау күшейтілді. Жол қозғалысына қатысушылар, мейлі ол көлік жүргізушісі болсын, мейлі жаяу жүргінші болсын, қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Жолда жүру ережелері қатаң сақталатын болса, жол-көлік оқиғалары да азаяды. Осы арқылы адамдардың жол апатынан зардап шегуін қысқартамыз», - дейді Алматы облыстық ПД ӘПБ әкімшілік практикасының бастығы Саят Ибраимов. Еске сала кетейік, Алматыда мас жүргізушінің кесірінен бес көлік соқтығысқан болатын.
ҚазАқпарат