Алматыда скотч көмегімен бейнебақылау жүйесін алдамақ болған жүргізуші ұсталды

29 мамыр 2022, 17:29

Алматыда такси жүргізушісі скотч көмегімен бейнебақылау жүйесін алдамақ болған. Бұл туралы Stan.kz тілшіс қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Алматы әкімшілік полициясының мәліметінше, өрескел құқықбұзушылықты "Қорғау – қауіпті жүргізуші" автоматтандырылған жүйесі анықтаған.

 

"Мегаполисте жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдаланатын, автокөліктерге арнайы сигнал беру құрылғыларын орнататын көлік құралдарының жүргізушілерін, сондай-ақ мас күйде көлік құралдарын басқаратын адамдарды жауапқа тарту бойынша мақсатты жұмыстар жалғасып жатыр. Осындай рейдтерді өткізу барысында "НЕ" сериясындағы "Е" әрпінің төменгі бөлігін скотчтап, нәтижесінде "НF" нөмірімен жүрген таксопарктердің бірінің жүргізушісі ұсталды. Такси жүргізушісі осы арқылы қаланың бейнебақылау жүйелерінің назарынан тыс қалуға және жол ережесі бұзғаны үшін жазадан жалтармақ болғанын мойындады. Оның көлігі айып тұрағына қойылды. Таксопарк қызметкеріне әкімшілік шара қолданылды", - деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Аманбек.

 

 

 

Сонымен қатар, осы күндері жолдарда жалған мемлекеттік тіркеу белгілері бар тағы екі автокөлік ұсталды. "Тойота Виндом" іс жүзінде Қырғызстан Республикасында тіркелген.

 

Жол-көлік ережесін бұзғаны үшін айыппұл сомасы 456 мың теңгеден асады. Ал "Фольксваген" автокөлігі қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен жүрген. Оның жүргізушісі 251 мың 747 теңге көлемінде жол ережесін бұзған.