Алматыдағы № 1 автоХҚКО-да емтихан тапсыруға болады

28 ақпан 2022, 19:23

Емтихан тапсырушылардың қозғалысы жаңа GPS жүйесі арқылы бақыланады.

 

Автодром 2021 жылы желтоқсанда жабылды. «Азаматтарға арналған үкімет» берген ақпаратқа сүйенсек, практикалық емтихан кезінде клиенттер апатқа ұшырап, емтихан көліктеріне зақым келген. Сол үшін техника ауыстыруға тура келді. Бұл жұмыс жаңа жылға дейін аяқталады деп жоспарланған еді.

 

 

Бірақ жабдықтарды жаңарту жұмысы кешігіп, емтихан тапсырушылар бірнеше ай бойы Кемел шағынауданындағы № 6 ХҚКО-да ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болды. Бүгін Саялыдағы автодром қайта жұмыс бастады. Мемлекеттік корпорация басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, автодром жаңартылып, техникалар ауыстырылды.

 

 

«Бұрын сезгектер бампердің астына орнатылғандықтан, үміткер жол жиегіне соғылса, машина істен шығып қалатын. Ал қазір қажетті жабдықтар салонға орнатылды. Енді кішігірім апат болған күннің өзінде, автокөлік нәтижені анық көрсететін болады», — деді С.Әбділдин.

 

Алматыдағы № 1 мамандандырылған ХҚКО-ның жаңа автодромында күніне 100-ге жуық үміткер емтихан тапсыра алады. Жұмыс бүгін, 28 ақпанда басталды.