Автокредит бағдарламасы: бұрынғы кезекте тұрғандар алғашқы жарнасыз көлік рәсімдей ала ма

16 мамыр 2022, 18:18

Бұрынғы бағдарлама бойынша банк кезегінде тұрған адамдар жаңа автокредит бағдарламасына да өтінім бере алады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаровқа сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Айта кетері, қазіргі кезде автокредит бағдарламасы бойынша банк кезегінде тұрған адамдарға SMS-хабарлама түсіп жатыр. Оған сәйкес, белгілі бір уақытқа дейін көліктің шот-фактурасын әкелу керек.

 

Сондай-ақ, бұрынғы бағдарламаның талабы бойынша 20 проценттік алғашқы жарнаны салу қажет. Ал жаңа бағдарламада алғашқы жарна жоқ.

 

"Ескі бағдарламадан шығудың қажеті де жоқ. Бұл - екі бөлек бағдарлама. Екеуіне де қатыса алады. Бұрынғы кезекте тұрып, жаңа бағдарламаға өтінім беруге болады", - деді Ғаппаров астанада өткен брифингте.

 

Оның айтуынша, екі автокредит ұқсас болса да, екі бөлек бағдарлама болып саналады. Бір-бірімен байланысы жоқ. Сондықтан екі бағдарлама бойынша автокредит алуға болады.

 

Бірақ кезекке тұру тәртібі өзгеше. Бұған дейін адамдар банкке барып, кезекке тұра берсе, жаңа бағдарлама бойынша автосалонда көлік болған жағдайда ғана адамды банктің кезегіне қояды. Ол үшін көліктің нақты VIN-коды жазылған шот-фактураны апару қажет.

 

"Жаңа бағдарлама бойынша адам VIN-коды жазылған шот-фактурамен банкке келеді де, өтінім береді", - деп атап көрсетті Ғаппаров.

 

Айта кетері, бүгін Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы басталды. Бірақ "Жасыл даму" АҚ-сының 100 миллиард теңгесі барлық банкке әлі таратылған жоқ.

 

Бүгін түстен кейін Банк ЦентрКредит өтініш қабылдауды бастайды делінген. Артынан оған Halyk bank, Forte bank және Еуразиялық банк қосылады.