АВТОВАЗ 16 клапанды моторы бар «гранта» шығарды

19 желтоқсан 2022, 18:41

Тольяттидегі зауыт 1.6 литрлік мотор қойылған Lada Granta шығара бастады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

«ВКонтакте» желісіндегі Avtograd News парақшасы зауытта алты көліктен тұратын арнайы партия жасалғанын жазды. Олар сатылмайды.

 

Lada Granta-ның дағдарысқа қарсы нұсқасын құрастыру процесі басталғалы концерн автомобильдерге 90 ат күшіне ие 8 клапанды қозғалтқыш қана орнатты.

 

Екі білікті 16 клапанды мотор әлдеқайда қуатты, 106 «арғымағы» бар агрегат құрамында шетелдік детальдар болатын. Бөлшек жеткізу тоқтаған соң зауыт одан бас тартуға мәжбүр болды.

 

Инсайдерлер берген мәлімет бойынша мұндай моторы бар Lada Granta Club және Quest комплектациясында жасалған. Жабдықтар қатарында ауа баптағыш, медиажүйе, электрлі айна мен электрлі рөл күшейткіш аталады. Бірақ модельге тежеуішті бұғаттауға қарсы жүйе орнатпаған.

 

Болжам бойынша жақында конвейерден түскен машиналарды сынақтан өткізу үшін құрастырған. Инженерлер ABS-сыз, бірақ жылдамырақ жүретін машина күрт тежегенде өзін қалай ұстайтынын тексеруді жөн көрген сияқты.