Brabus жаңа Range Rover-ге тюнинг жасады

17 тамыз 2023, 10:43

Ателье жол талғамайтын көлікке 600 ат күшіне ие мотор, фирмалық бастырық және 24 дюймдік дөңгелек орнатты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

 

 

 

Машинаның сырты көп өзгермеген. Тек алдыңғы бампері басқаша, арт жағына жақсырақ диффузор қойыпты, жүксалғыш қақпағында спойлер тұр. Бүкіл элемент көмірпластиктен жасалған, бағасы да жоғары. Мысалы, антиқанатының өзі 3094 еуро тұрады. Сонымен қатар төмен профильді шинамен қапталған 24 дюймдік диск орнатты.

 

Капот астында 4.4 литрлік турбоүрлемді V8 тұр, бірақ электронды басқару блогы өзінікі емес. Ол — темір тұлпардың бастапқы (530 а.к; 750 Нм) қуатын 600 ат күші мен 800 Нм моментке арттыратын PowerXtra LR44-600 компьютері. Шеберлер пневмоаспаны басқаратын блокты да ауыстырған. Басқа электроника арқасында клиренс 20 мм қысқарды.

 

 

 

 

Brabus 600-дің басты ерекшелігі қуаты мен сырт пішінінде емес, интерьерінде. Мамандар салонын толықтай қайта қаптауды жөн көрген. Әрлеу материалының түр-түсін тапсырыс беруші таңдайды. Жұртқа көрсету үшін жасалған экземпляр пісте түстес былғарымен қапталған, оған ұлу қабыршағына ұқсайтын өрнек салып, карбонмен сәндепті.

 

Ателье дайын автомобильдің құнын жария етпеді. Дегенмен көлікке қуат қосу — 8200 еуро, аспасын түсіру — 2400 еуро, ал аэродинамикалық бастырық шамамен 20 мың еуро тұратыны белгілі.

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz