Дилерлер орнатқан "доп оборудование" - ні өз есебінен алып тастайды

18 ақпан 2022, 19:14

Hyundai автосалондары машинаға қосымша жабдық қосып сатпайтын болды деп хабарлайды kolesa.kz.

 

«Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев БАҚ өкілдерімен кездесуде Hyundai автосалондарына машинамен бірге опция қосып сатпауды бұйырғанын айтты.

 

«Бұйрық бұрыннан бері қолданылып келеді. Бізден қосымша жабдық алғысы келгендер ғана алса болады. Орталықтарымызда жұртқа көрсету үшін қойылған опция орнатылған көліктер бар, бірақ олар сатылмайды. Егер сатушылар қосымша жабдық алуға міндеттесе, 7007 call-орталығына хабарласыңыздар. Мән-жайды анықтаймыз. Дилерлік орталықтың директоры өз есебінен қосымша жабдықты алып тастап, сізге таза көлік сатады», — деді Б.Несіпбаев.

 

Директор бұрын опция алуға міндеттейтін схема болғанын жасырмайды. Сондай-ақ ол бұйрық «Астана Моторс» компаниясына ғана қатысты екенін, үшінші тарап дилерлеріне қолданылмайтынын айтты.

 

7007 — Hyundai көліктерін сатып аларда қосымша жабдық орнатылған машина алып, кезекті айналып өтуді ұсынса немесе көлікті оларсыз сатудан бас тартса қоңырау шалатын нөмір.

 

Расында солай ма екен? Біздің оқырмандар арасында қосымша жабдық пен өзге де қызметсіз (қорғаныс қабықшасы, дабыл жүйесі және т. б.) машина алған адам бар ма?

 

Ал Ресейде Hyundai көліктеріне қосымша жабдық қосып сату клиенттерді ғана емес, кореялық марканың өкілдерін де алаңдатып отыр. Бірақ салоннан жаңа машина алғанда оған кілемше, сигнализация секілді заттарды қосып сату әлі тыйылған жоқ.