Елімізде жүргізушілер төлқұжатын ұялы телефоннан көрсетуіне болады

16 маусым 2022, 23:36

Электронды құжат пен түпнұсқаның күшін теңестіретін заң жобасына сәйкес, электронды цифрлы қолтаңбамен куәландырылған электронды формадағы ақпарат қағаз түріндегі құжатпен тең қолданылатын электронды құжат ретінде танылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Колеса"-ға сілтеме жасап.

Азаматтық кодексте көрсетілгендей, жеке және заңды тұлғалар цифрлы құжат қызметі арқылы электронды құжатты мемлекеттік органдарға ұсынса болады.

"Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстан азаматының жеке басын растау үшін куәліктің электронды көшірмесін көрсету жеткілікті болады. Қазір олар eGov-та ғана емес, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында да бар. Мысалы, Kaspi банк қосымшасындағы мемлекеттік қызмет бөлімінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және техникалық төлқұжаттың электронды нұсқасы қолжетімді", - делінген хабарламада.
Осылайша заң жобасына Президент қол қойса, елімізде жүргізушілер куәліктері мен техникалық төлқұжатты алып жүрмеуге болады.

 

"Адырна" ұлттық порталы