Еліміздегі көлік тұрақтарында электромобильге арналған тегін орындар болады

24 желтоқсан 2022, 17:55

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Мұқатаев электромобильдерге көшуді ынталандыру бағытында тиісті Жол картасында қамтылған іс-шаралар жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газ-моторлы отынмен және электр қозғалтқыштарымен жүретін қалалық қоғамдық көліктің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жүргізіледі. Осы орайда дизель отынымен жүретін автокөлікті сатып алуды кезең-кезеңмен шектеу (орындаушылар - Алматы және Астана қалаларының әкімдіктері) ескерілген», - дейді Серікқали Мұқатаев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар ол электромобильдер үшін инфрақұрылымды орнатуды дамыту және ынталандыру жұмыстары атқарылатынын жеткізді.

«Мұнымен қоса, «электромобильдер тұрағы» арнайы белгісін әзірлеу және электромобильдерге арналған тротуар үлгісіндегі ақылы автокөлік тұрақтарында тегін орындарды бөлу ескерілген», - деді вице министр.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жұмысқа Алматы және Астана әкімдіктері жауапты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Үкіметі Астана және Алматы қалаларының экологиялық проблемаларын кешенді шешу тұрғысында Жол картасын әзірледі.

Осы орайда техникалық байқау операторларының жауапкершілігіне қатысты талаптар күшейтілмек.

ҚазАқпарат