Haval Dargo Ресейде сатыла бастады

11 маусым 2022, 00:16

Жаңа Haval Dargo 3.2 млн рубль (22.4 млн теңге) тұрады. Бұл Toyota RAV4-тің базалық нұсқасынан 600 мың рубльге, ал өзімен ұқсас класты X-Trail-дан жарты миллионға қымбат, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Мұнда алдыңғы жетекті көліктің бағасын айтып отырмыз. 4×4 түрленімі бұдан бірнеше жүз мыңға қымбат болады. Біздің елде машина 24 млн теңгеден кем болмайды.

 

 

 

Бұл ақшаға клиент ұзындығы 4.6 метр, тәуелсіз аспасы бар, 192 ат күшін беретін 2 литрлік бензинді турбомотор мен 7 сатылы робот қорап орнатылған бес есікті жол талғамайтын көлік алады. Толық жетекті нұсқада Haldex муфтасы және сегіз түрлі жүріс режимін таңдау мүмкіндігі болады.

 

Қытай кроссовері өте жақсы жабдықталған. Қосымша жабдықтар тізімінде массаж функциясы бар әрі желдетуге болатын орындық, панорамалы шатыр, он динамигі бар аудиожүйе, өздігінен ашылатын жүксалғыш қақпағы, айнала шолу жүйесі және т. б. бар. Машинада жеті алдыңғы және бүйірлік қауіпсіздік жастығы, қауіпсіздік пердесі және жүргізушінің аяғын қорғауға арналған жастық бар.

 

Аспаптар панелі мен мультимедиа кешені цифрлы, сонымен қатар жылдамдықты көрсетіп, жол белгісін танитын проекциялық дисплей орнатылған.

 

 

 

 

 

 

Электронды көмекшілер тізімінде бейімді круиз-бақылау, жолақта ұстау жүйесі, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді анықтайтын автоматты тежеу жүйесі бар.