Жаңа Kia K8 Өзбекстанда құрастырылады

07 ақпан 2022, 15:37

Толық өлшемді седанды ТМД аумағында алғашқы боп өзбектер шығарады деп хабарлайды kolesa.kz.

 

K8 Kia-ның жеңіл көліктер топтамасында орта көлемді K5 пен флагмандық K9-дың арасында тұр. Ұзындығы бес метрден асатын, бес орынды, төрт есікті седан 2021 жылы көктемде таныстырылған. K8 Оңтүстік Кореяның өзінен басқа бірнеше бай шығанақ елдерінде ғана сатылады. Бұл модель АҚШ, Қытай және Еуропаға жеткізілмейді. Өйткені ол елдерде K9 жақсы сатылып, жоғары табыс әкеліп отыр.

 

«Сегіздік» Өзбекстандағы Джизак зауытында ірі торапты әдіспен шығарылады. Оңтүстіктегі көршілеріміз K5-ке қарағанда беделді әрі жайлы көлік сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 2 ақпаннан бастап K8 ресми Kia дилерлерінде 639.9 млн сумнан (25.65 млн теңге) сатылады.

 

Көлік Signature комплектациясында ғана қолжетімді, капот астына 300 ат күшіне ие 3.5 литрлік V6 қойылған. Машина толық жетек жүйесі, автомат қорап және 19 дюймді дөңгелекпен жабдықталған. Салоны наппа былғарысымен қапталған, үш аймақты климат бақылау, панорамалы шатыр және Ergo Motion Seat орындықтары бар.

 

K8 Қазақстанға жеткізіле ме, жоқ па ол жағы әлі белгісіз. Бұл туралы ресми ақпарат шыққан жоқ. Kia-ның Өзбекстандағы модельдік топтамасы біздегіден басқаша. Оларда бюджеттік Rio мен Picanto моделі және Cerato седаны жоқ. Бірақ бізде көптен бері сатылмайтын Stinger және Carnival минивэні бар.