Жаңа Kia Sportage қанша тұрады

23 мамыр 2022, 10:09

Kia-ның жергілікті өкілі Қостанайда шығарылатын бесінші буындағы Sportage-дің бағасын жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Құжат бойынша модельге 150 ат күшін беретін 2 литрлік не 192 ат күшіне ие 2.5 литрлік мотор орнатылады. Бастапқыда машина тек анағұрлым қуатты қозғалтқышпен сатылады екен.

 

 

 

Су жаңа көлікті сатушылар Luxe, Prestige, Premium, X-Line және X-Line+ комплектациясында ұсынады. Ең арзанын 15.5 млн теңгеге алуға болады. Ал 2 литрлік моторы бар машина шыққанда бағасы 12.5 млн теңгеден басталады.

 

15.5 миллионға клиент дөңгелегі 18 дюйм, оптикасы жарықдиодты, жылыту опциялары толық және салоны матамен қапталған Sportage алады. Ішіне шағын экраны бар стандарт аспаптар панелі, климат-бақылау, круиз-бақылау, жарық пен жауын сезгектері, көрінбейтін аймақтарды бақылау, кілтсіз ашу жүйелері, айнала шолу камералары мен алты қауіпсіздік жастығы орнатылады.

 

 

 

Үздік X-Line+ алам десеңіз 19 млн теңге санап бересіз. X-line пакеті қара рейлинг, түсі дәл сондай жылтыр радиатор торы, бампер қаптамасы, бүйірлік молдингтер мен тағы біраз дизайнерлік компоненттен тұрады.

 

Одан бөлек машинаға 19 дюймдік дөңгелек, проекциялық жарықдиодты шам орнатып, салонын былғарымен қаптайды. Аспаптар панелі цифрлы, шатыры панорамалы болады.

 

Айта кетерлігі, X-Line+ бейімді круиз-бақылау, автоматты тежеу, жолақты қадағалау, алысқа түсетін жарықты қосу секілді функциялары бар Drive Wise электронды көмекшілер пакетінің толық жинағымен жабдықталған жалғыз нұсқа.