Жаңа «Краун» купе-кроссовер болады

23 маусым 2022, 20:13

Екі жыл бұрынғы болжам рас боп шықты, толық өлшемді Toyota Crown седаны SUV санатына ауысты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Машинаның бұрынғы болмысын ескере отырып, жаңа өнімнің сыртқы пішініне жеңіл көліктің де, кроссовердің де ерекшелігі енгізілді. Желіде жарияланған патенттік суретінен соны байқауға болады.

 

Компания «Краун» туралы әлі ешбір мәлімет берген жоқ. Бейресми ақпарат бойынша ол TNGA-K платформасына негізделеді және алдыңғы жетекті де, толық жетекті де нұсқасы болады. Ұзындығы 4930 мм, биіктігі 1540 мм Crown Mercedes-Benz GLE-мен бір санатқа жатады. Машинаның жүрісінен спорттық сипат күтпей-ақ қойыңыз, өйткені көлемі екі жарым литрден асатын мотор қойылмайды, тіпті турбиналы немесе гибрид қоспасы да болмайды.

 

 

 

 

 

Reuters басылымы Қытай мен Солтүстік Америкада 2023 жылы жазда Toyota Crown-ның гибрид нұсқасы сатылымға шығатынын хабарлады. Ал 2024 жылы АҚШ-та таза электрлі Crown сатыла бастайды.

 

Мұндай «Краунға» жапондар өздері қызыға ма белгісіз. Бұрыннан белгілі машинаның мұндай өзгерісі үнемі жылы қабылдана бермейді. Мысалы, Honda Accord седанынан жасалған Crosstour кроссовері жақсы өтпей, мерзімінен бұрын конвейерден алынды. Toyota Venza-ның да тағдыры дәл сондай болған.