Жаңарған BMW X5-тің камуфляжсыз суреті жарияланды

23 қаңтар 2023, 18:32

Бірнеше инстаграм-парақша жаңарған BMW X5-тің (G05) камуфляжсыз суретін жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Фото нақты қайда түсірілгені белгісіз, бірақ ондағы кроссовердің сырт пішіні бұған дейін біз көрген прототиптің шпиондық суретіне сәйкес келеді.

 

Фотодан рестайлингтен өткен BMW X5-тің радиатор торы, бампері және оптикасы жаңарғанын көруге болады. Алдыңғы жағының фотосына қарап нақты қорытынды жасау қиын, бірақ «тұмсығы» аздап үлкейген секілді.

 

X5 шамының пішіні жаңа BMW X3-ке ұқсайды, оптикасы жіңішкере түскен. Бампері кезінде өзгеше дизайны үшін сынға ұшыраған BMW XM суперкроссоверін еске салады. Бірақ X5-те жаңа стилистикалық шешімдер орынды қолданылған.

 

Артқы жағындағы басты өзгеріс — жаңа шамы. Ол бұрынғыдан үлкенірек әрі артқы қанатты бойлай созылып жатыр. Шамдарының формасы өзгерумен қатар, L тәрізді жаңа қосымшамен толықты.

 

Салон суреті жарияланған жоқ. Марка жаңарған X5-ке 12.3 және 14.9 дюймдік екі дисплейден тұратын үлкен экран орнатады. Стандарт нұсқасының мотор гаммасында үлкен өзгеріс жоқ, бірақ М түрленіміне 700 ат күші бар жаңа мотор қойылуы мүмкін.

 

Жаңарған BMW X5-тің тұсаукесері қашан өтетіні белгісіз. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, кроссовер нарыққа 2023 жылы шығады. Қазіргі G05 буыны 2018 жылы жарық көрген.