Жеңілдікті автонесиеге өтініш бергенде VIN-код талап етілмейді

20 мамыр 2022, 19:13

Қазір жеңілдікті автонесие бағдарламасы бойынша үш банк — Еуразиялық банк, Банк ЦентрКредит және Halyk Bank өтінім қабылдап жатыр. Ол қатарға бүгін Forte Bank қосылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Kolesa.kz редакциясына Өнеркәсіпті дамыту қоры хабарлағандай, кейінгі бір-екі күнде пайызы төмен автонесие бағдарламасының шартына аздап толықтыру енгізіледі. Атап айтқанда, сатып алынған машинаның VIN-кодын көрсету туралы талап алынады.

 

«Бұл азаматтар арасында кезек пен толқу туғызбау үшін жасалды. Ең маңыздысы банк төлем шотын алған қарыз алушының төлем қабілетін бағаласа болды. Сақтандыруға қатысты банктерге хат жолдап, автонесиенің толық мерзімі үшін КАСКО сақтандыруын бір жолда талап етпеуді ескерттік. Сақтандыру ақысын енді жыл сайын төлеуге болады. Бірақ қарыз алушы өзі қаласа, оны толық мерзімге төлеуге құқылы», — дейді қор қызметкерлері.

 

Сондай-ақ мына мәселелер қайта пысықталды:

 

* бағасы 10 млн теңгеге дейінгі машина үшін бастапқы төлем 0 % деген талапты сақтау;

 

* көлікті күту мерзімін бір жарым айға дейін қысқарту;

 

* міндетті сақтандыру полисінің құнын несие сомасының 0.95 %-ына дейін төмендету;

 

* сатып алушының келісімінсіз машинаға қосымша жабдық орнатуға болмайды.

 

БЦК алғашқы жеңілдікті автонесиені бүгін 11:00-де берді. Банктің баспасөз қызметі Chevrolet көліктері сатылып жатқанын хабарлады. Қор мәліметінше автонесие алуға өтінімнің көбі Алматы, Түркістан облысы және астана тұрғындарынан түскен. Жалпы сома 31 млрд теңгеден асты. Яғни, бөлінген 100 миллиард теңгенің 30 пайызы игерілді.