Қарапайым Lada Vesta қандай болады

14 сәуір 2022, 19:20

Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге санкция салынғандықтан, АВТОВАЗ шетелдік автобөлшектерді барынша аз қолданып көлік шығаруға тырысып жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін толық жабдықталмаған Lada Granta мен Niva Legend шықты. Drom.ru порталы енді Vesta-ның да осындай түрленімі болатынын хабарлады.

 

Қыркүйекте сырт пішіні жаңарған Vesta FL-ге ұқсағанмен интерьері рестайлингке дейінгі қалпында қалған, 90 ат күшіне ие сегіз клапанды ВАЗ-11182 моторы бар машина Ижевскідегі зауыттың конвейеріне тұрады. Мұндай агрегат қазір базалық «гранта» мен «ларгусқа» қойылады. 1.6 литрлік қозғалтқыш механика қораппен жұптаса жұмыс істейді.

 

Егер жағдай қазіргіден де қиындаса, капот астына бұдан да ескі ВАЗ-11186 (87 ат күші) қойылуы мүмкін.

 

Қарапайымдау Lada Vesta-ның комплектациясы туралы қазірше басқа ақпарат жоқ. Бірақ Еуро-2 стандартына оралып, қауіпсіздік жастығы, «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесін және ABS пен ESP жүйесін алып тастауы мүмкін.

 

АВТОВАЗ амалдап автомобиль шығаруға тырысып жатқанда, былтыр күзден бері Lada-ны ірі торапты әдіспен құрастырып жүрген Өзбекстан дәнекерлеу және шанақ бояу арқылы көлік жасауға көшкісі келетінін хабарлады. Сондай-ақ олар өз елінде автобөлшек шығаруға ниетті.