Қауіпті қауіпсіздік жастықтары

06 қазан 2021, 19:33

Әлем бойынша 24 адамның өліміне, 240 адамның жарақат алуына себеп болған Takata жастықтарымен байланысты сервистік кампания әлі аяқталған жоқ, бірақ маңызды құралға қатысты тағы бір мәселе пайда болды. Қауіпті эйрбэг бұл жолы Volvo көліктерінен табылған. Оларды өндірген Takata емес, Autoliv және ZF компаниялары екен деп хабарлайды kolesa.kz.

 

Volvo S60

 

Сервиске шақыру туралы хабар алғаш АҚШ-тан жетті. Мұнда кампания 259 383 Volvo S80 (2001–2006) мен Volvo S60-ты (2001–2009) қамтиды. Бұған жастық инфляторы себеп болды. Ауасы ыстық әрі ылғал мөлшері жоғары өңірлерде құрылғы іске қосылғанда, корпусы жарылып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда металл сынықтар жүргізушінің бетіне шашырайды. Осы ақау салдарынан бір адам мерт болғаны хабарланды.

 

Volvo S80

 

Әлемде қауіпті жастық орнатылған 460 мыңнан аса машина бар. Сондықтан шара әлемдік деңгейде жүргізіледі. Ал АҚШ-та көлік иелері қараша айының соңына қарай қызмет көрсететін орталықтарға шақырылады.