Қазақстанда көліктер неге қымбат: Маман түсіндіріп берді

30 қыркүйек 2021, 13:08

Ірі автокөлік өндірушілер көлік бағасының қымбаттауына микрочиптер өндірісінің төмендеуі себеп болғанын айтады. Ал қазақстандық сарапшылар бұған тағы бір факторды қосады, ол – утилизация ақысы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.

Сарапшы Нұраддин Садықов отандық өндірушілерді қолдау және экологиялық жағдайды жақсарту деген сылтаумен импорттық көліктерге көптеген шектеулер жасалуда деп есептейді.

 
"Мұның көптеген құралдары бар. Солардың бірі – утилизация ақысы. Егер соны алып тастап, отандық автоөндірушілердің сойылын соғуды доғарсақ көліктердің бағасы міндетті түрде төмендейді", – дейді Нұраддин Садықов.

Сарапшының айтуынша, бірнеше отандық автокөлік өндірушілердің ғана мүдделері көзделіп, сол себепті қарапайым азаматтардың қолжетімді көлікті сатып алуға мүмкіндігі жоқ. 

Садықов cонымен қатар Қазақстанда автокөліктердің бағасы Қырғызстан мен Арменияға қарағанда екі есе, ал Ресейге қарағанда бір жарым есе қымбат екенін қосып өтті.