Қазақстанда оң жақ рульді көліктер де жеңілдікпен рәсімделеді

26 желтоқсан 2022, 13:15

Қазақстанда шетелде тіркелген оң жақ рульді автокөліктерді біржолғы заңдастыруға рұқсат берілетін болды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру жөніндегі тапсырма берген болатын. Комитет өкілі осы тапсырма аясында тиісті жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Осы орайда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында тиісті норма қамтылған.

«Осы заң жобасына біз таяуда ғана ұсыныс енгіздік. Оң рульді көліктер біржолғы заңдастыруға енгізіледі. Бүгінде Қазақстанда мұндай 20 мыңға жуық көлік бар. Бұл ұсыныс енгізіліп, комитетте қолдау тапты. Мәселе шешілді», - деді Сұлтанбаев Сенаттың жалпы отырысында.