Кедендік одақтың техникалық регламенті қайта қаралуы мүмкін

05 наурыз 2022, 13:25

Санкция салынып, машинаға шетелден жабдық және электроника әкелу мүмкіндігі жойылған соң Кедендік одақтың техникалық регламентіне өзгеріс енгізуге тура келді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Еуропа, Жапония және америкалық автоөндірушілердің Ресей нарығынан кеткеніне қарағанда қажетті жабдықтар мен компонент шығаратын компаниялардан айырылудың қаупі жоғары. Атап айтқанда, әлемдегі ең ірі шарлы мойынтірек (шарикоподшипник) өндіруші швециялық SKF компаниясы Ресейге зат жеткізуді тоқтатты. Украинамен соғыс өршіп бара жатқандықтан, мұндай бас тартушылар көбеюі мүмкін. Қазір сатылған көліктерді қосалқы бөлшекпен қамтамасыз ету емес, қайта мыңдаған адамға жұмыс беріп отырған зауыттарда өндірісті жалғастыру маңызды болып отыр.

 

Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрлігі, НАМИ және Росстандарт өкілдері Кедендік одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне (Қазақстанда да қолданылады) түзетулер әзірлеп жатыр. Олар шетелден келетін чиптер мен жабдықтар жиынтығына тәуелділікті азайтуды жоспарлап жатқан болу керек.

 

Drom басылымы хабарлағандай, осы мақсатта мынадай түзетулер енгізіледі: тұрақтылықты бақылау жүйесі (қазір M1 және M2 категориясы үшін ABS және ESP міндетті), «ЭРА-ГЛОНАСС», коммерциялық көліктерге арналған тахограф. Басқаша айтқанда, кейбір санаттағы көліктерге бұл жүйелерді пайдалану енді міндеттелмейді. Автомобильдің экологиялық класына байланысты талап төмендейді немесе мүлде жойылады. Еуро-2 стандартына оралу (кей категория үшін) немесе ауаға шығарылған газдардың деңгейін бақылаудан толық бас тарту мәселесі қарастырылуы мүмкін. Ондай жағдайда машинаны каталитикалық бейтараптандырғышсыз, тіпті карбюраторсыз шығаруға болады.

 

Демек алдағы уақытта атүстілеу жасалған, қауіпсіздік деңгейі де төмендеу «лада», УАЗ, КамАЗ және т.б. көліктері шығуы мүмкін. Ал Қазақстанға келер болсақ, көршіміз санкция шырмауында жатқанда өз елімізде өндірісті кеңейтуге мүмкіндігіміз бар. Ресейлік маркалардың еншілес компаниясын ашсақ, Ресеймен жұмыс істеуден бас тартқан компаниялар өнімдірін біздің елге жіберуге келісуі мүмкін. Мысалы, соғыс жылдары КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі зауыттар Алматыға көшіріліп, елімізде отандық өнеркәсіптің негізі қаланған еді.