Kia Еуропада жыл көлігі атанды

01 наурыз 2022, 15:33

Жыл үздігі атағы Kia EV6 электромобиліне бұйырды, одан бөлек үздік үштікке тағы бір кореялық модель енді деп хабарлайды kolesa.kz.

 

Еуропада «Жыл автокөлігі — 2022» байқауының қорытындысы шықты. Жыл үздігі атағына кейінгі 12 айда Еуропа нарығында саудаланған 39 модель үміткер болды. 61 журналистен құралған қазылар алқасы алдымен финалға өткен жеті көлікті таңдап, содан кейін жеңімпазды анықтады. Нәтижесінде 279 ұпай жинаған Kia EV6 жыл көлігі атанды. Бұл атаққа кореялық марка алғаш рет қол жеткізіп отыр. Бұған дейін Kia көліктері үш рет финалға шыққан (2008, 2018 және 2019 жылы). Ал брендтің ең жоғары көрсеткіші — 2019 жылы Kia Ceed-тің үшінші орын алуы.

 

Дауыс беру ережесі қандай?

 

Қазылар алқасының әр мүшесінде 25 ұпай болады, ол өз ұпайын кемінде бес модельге бөліп береді. Бір машинаға 10 ұпайдан артық беруге болмайды.

 

Kia EV6-дан бөлек алғашқы үштікке Renault Megane E-Tech хетчбэгі (265 балл) мен Hyundai Ioniq 5 (261 балл) енді. Олардан кейін Peugeot 308 (191 балл), Škoda Enyaq iV (185 балл), Ford Mustang Mach-E (150 балл) және Cupra Born (144 балл) жайғасқан. Үздік жеті модельдің ішінде Peugeot 308 ғана дәстүрлі моторы (ІЖҚ) бар көлік. Өзге алтауы — электромобиль.