Көлігіне жалған нөмір таққандар жүгізуші куәлігінен айырылады

08 маусым 2022, 15:48

Парламент мәжілісі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжатта автокөлік жүргізушілеріне жазаны қатаңдату нормасы көзделген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.

Заң жобасы президент тапсырмасын іске асыру үшін әкімшілік жауапкершілікті көздей отырып, байланыс және интернет саласында тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында әзірленді.

 

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нәзилә Раззақтың айтуынша, ұсынылып отырған маңызды түзетулердің бірі автокөліктердің мемлекеттік нөміріне қатысты.

 

"Автокөлікті қайталап немесе бірнеше рет мемлекеттік нөмірсіз басқарғаны үшін, сондай-ақ автокөліктерге жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір таққаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр. Мысалы, бұрын тек айыппұл салынса, енді жүргізушіні 1 жылға куәлігінен айыру және 5 тәулікке қамауға алу қарастырылып отыр", деді депутат.

 

Сондай-ақ байланыс қызметтерін көрсету ережелерін бұзғаны үшін, яғни интернет сапасына қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келмеу бойынша айыппұл сомасы ұлғаяды.

 

Бұдан бөлек, жұмыс барысында білім беру, қару айналымы және салық заңнамасы салаларында әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік жазалау шараларын белгілеуге бағытталған түзетулер енгізілді.

 

Мысалы, жоғарғы оқу орындары жабылған жағдайда студенттерді ауыстыру жөніндегі міндеттемелерді орындамаса, құрылтайшылардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу, сондай-ақ жоғарғы оқу орындарды лицензиядан айыру жөніндегі функцияларды уәкілетті органға беру ұсынылады.

 

Сонымен қатар билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға байланысты әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген. Атап айтқанда, құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ескерту түріндегі жаза түрі алынып тасталады. Ал айыппұл мөлшері мен әкімшілік қамауға алу мерзімі ұлғаяды.

 

Лақтырылатын, аң аулайтын, белгі беретін қаруды және олардың құрамдас бөліктерін заңсыз иемдену, өткізу, сақтау, алып жүру, тасымалдау үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.