Көлік жүргізушілері тағы алаяқтарға алданды, біреуі өзіне қол салған

18 қазан 2021, 22:53

Көлік жүргізушілері тағы да алаяқтардың құрығына ілінді. Көлікті сатумен айналысқан компанияға олар миллиардтаған қаржы құйған. Сан соғып қалған бір жәбірленуші өз-өзіне қол жұмсапты.

 

«45 күнде көлік аламыз» деп сенген жұрт қазір енді полиция жағалап жүр. Жүздеген адамның арызымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда жәбірленушілер қылмыстың нағыз серкелері қашып кетті дейді.

 

КТК тілшісі алданғандардың арызын тыңдап қайтты.

 

Нарықта 10 жылдан бері барын халыққа желеу еткен компанияның кеңсесі Нұр-Сұлтандағы бизнес орталықтардың бірінде орналасқан. Құлыптаулы. Қазір мұнда ешкім жұмыс істемейді.

 

Жарты жыл бұрын елордалық Нығмет Сұлтанбеков компаниядан көлік алмақшы болып 8 миллиондай теңгесін есепшіге санап береді. 45 күн күтеді, шыдамы таусылған соң бір гәп барын сезеді.

 

Нығметті мұнда итермелеген көліктің арзандығы екен.

 

Нығмет Сұлтанбеков, жәбірленуші:

 

- Баға жағынан. Мысалы, сайттан қарайтын болсаң, едәуір қымбат қылып сатты. Trade-in деп қояды өздері, ескі көлікті арзанға алады да, қымбат қылып сатады. Салон болғаннан кейін, делдал болғаннан кейін, әркім өзінің пайдасын көргісі келеді ғой. Менің салған көлігім, мысалы, 2015, 2016 жылғы деп тапсырыс берген көлік 11 миллион теңгеге жуық. 3,5-4 миллион теңгеге арзан. Айырмашылығы бар. Кепіл береміз. Ешқандай соғылмаған деді. 

 

Олар тек Нұр-Сұлтан ғана емес, Шымкент пен Алматының көлік жүргізушілерін әдемі көліктермен қызықтырған.

 

Демьян Ильин сол қызыққа батқан шымкенттік жәбірленуші. Компания алдымен 3 миллион теңгеге көлік алуға көмектесіп оның сеніміне кірген. Кейін қымбаттырақ көлік ұсынып қомақты қаржысын қағып алған. Не көлік, не ақша жоқ. Әккі ұрылар билікте тірейтін басшылары барын айтыпты.

 

Демьян Ильин, жәбірленуші:

 

- Mega General Company деген компанияға 9 миллион 500 мың теңге салдым. Оның 5 миллион 100 мың теңгесін қарызға алдым. Достарымнан ақша сұрадым, банктен несие рәсімдедім. Мен осы екінші көлікті алып, оны қайта қымбатына сатып, қарызға алғаным ақшамды қайтарып, қалғаны пайдам болады деп сендім. Кейін олар телефонға жауап бермеді, қашып жүрді. Прахов деген Алматы филиалының директоры «Нұр-Сұлтанда, Үкіметте, Президентте тіреп тұрған адамдарымыз бар,  қайда барсаңдар сонда барыңдар» деді.

 

Алаяқтар әр адаммен әртүрлі жұмыс істеген. Кімде ақша бар екенін де түгел зерттепті.

 

26 жастағы Шымкенттегі Қазығұрт ауданының тұрғыны 240 миллион теңгесін ауылдағыларынан жинап салып жіберіпті. Компанияның опаздығы оны суицид жасауға итермелеген.

 

Миллиардтарын беріп опық жеген жәбірленушілер бұл іске нағыз қатысы барлар қашып жүр дейді.  Еш жерде қол қоймағандықтан, қылмыстық іске тартылмады деп отыр.

 

Нығмет Сұлтанбеков, жәбірленуші:

 

- Естуім бойынша бір адам өз-өзіне қол жұмсаған екен. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, 26 жаста екен. Ералы деген жігіт пен Сұлтан деген жігіт. Олар екеуі қашып жүр деді. Естуім бойынша СИЗО-да отырған манағы кісілер, олар аналардың үстінен «біз де алдандық» деп жазып жатыр екен. Ол мүмкін емес. Өйткені олар бәрі бір-бірімен сыбайлас.

 

Компанияның NurAuto.kz компаниясымен байланысы бар болып шықты.

 

Бір апта бұрын елордалық көлік жүргізушілері NurAuto.kz деген компанияға алданғандарын айтып шағымданған. 400-ге жуық көлік жүргізушісі 7  миллиард теңгеге сан соғып қалған.

 

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде қылмыстық іс тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

 

Кісі алдағандарға кісен салынған, қамауға алынған. Алаяқтық, бірлескен қылмыстық ұйым құрғаны үшін» және өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін – күдіктілер жауап береді.

 

Алданған жұрт айтқан бұл  ақпарды полиция растамады да, анығын да айтпады.

 

 

 

 

ktk.kz