«Лас» көліктер Алматының кей көшесімен жүре алмайды

02 қазан 2022, 14:20

Қазір қоғам талқылап жатқан Алматы қаласын дамыту бағдарламасының «Жасыл Алматы» деген бөліміндегі ауаны ластау деңгейін төмендету үшін қолданылатын шаралар тізімінде қызық пункт бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Онда былай жазылған:

 

2023 жылға дейін пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтіндігінің белгіленген нормаларына сәйкестігіне автомобильдер шығарындыларын өлшеу жүргізу қағидалары қабылданады, Еуразиялық экономикалық одақтың экологиялық таңбалау жөніндегі техникалық регламенттеріне сәйкес автокөлік құралдарына экологиялық сынып беру туралы регламент әзірленетін болады, шығарындыларының деңгейі төмен аймақтарға кіруді шектеу үшін 2025 жылға дейін автомобильдерге экологиялық таңбалау енгізілетін болады.

 

 

Көліктен шыққан түтін мөлшерін өлшеу ережесін әкімдік осы күзде қабылдайды. Не боларын көреміз. Бізді қызықтырғаны — экотаңба мен тыйым салу туралы идея.

 

Жасыл экономика басқармасы Kolesa.kz редакциясына лас машиналардың жүруіне шектеу қоятын белгі тұратын орындар әлі белгіленбегенін айтты. Бірақ тұрғындар жаяу серуендейтін Панфилов сияқты көшелер мен тау жақтағы демалыс орындарына белгі қойылуы мүмкін. Ереже бұзған адам «Сергек» көмегімен анықталады. Автокөлікке экотаңба салуға қатысты сұраққа әкімдік өкілдері оны Экология министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінен сұрауға кеңес берді.

 

Комитет өкілдері экотаңба енгізу идеясы қазір әзірленіп жатқан Астана мен Алматының экологиялық мәселесін кешенді шешу бойынша жол картасына енетінін атап өтті. Бұл тез жүзеге асатын процесс емес, сондықтан жұмыс бірнеше кезеңге бөлінеді:

 

 

Бастапқыда автокөліктің экологиялық класы мен одан шығатын зиянды газдың рұқсат етілген мөлшері жазылған 1433-2017 стандартын өзгерту жоспарланған. Бақылаушылардың айтуынша құжатта мүлде зиян газ шығармайтын, онша таза емес көліктер туралы және т. б. жаңа төрт норматив жазылады. Автомобильдер жасыл, сары, қызғылт сары және қызыл стикермен таңбаланады. Әр нормативте көліктен шығатын газдың шекті мөлшері жазылады.

 

Келесі кезеңде, шамамен 2024 жылы зиян газ мөлшерін анықтау, экологиялық класқа бөлу және түрлі түсті жапсырма беру қызметін техникалық тексеріс станциялары атқарады. Бірақ техникалық тексеріс біздің елде қалай өтетінін жұрт жақсы біледі. Сондықтан Экореттеу комитеті Әкімшілік кодекске аталған орталықтарға тексеріссіз көлік класын анықтағаны, мәліметтің шынайы болмағаны үшін жауапкершілік артатын түзету енгізуді ұсынды. Мәселен, машина техникалық тексерістен өтіп, стикер алғаннан бір ай өткенде экобекетте түтін мен улы газ шығару деңгейі жоғары екені анықталса, жапсырма берген орталық қатаң жазаланады: айыппұл арқалайды не лицензиядан айырылады.

 

 

Әкімшілік кодекске жүргізушілерді көлік түтігінен шығатын улы газ мөлшерін азайтуға міндеттейтін норма да енеді. Ал қала көшелерінде тексеретін жылжымалы экопост көбейеді.

 

Үшінші кезеңде, яғни 2025 жылға қарай Алматыны экологиялық аймақтарға бөліп, қаланың таза бөліктеріне қызыл не қызғылт сары жапсырмасы бар машиналардың өтуін шектейді. Комитет мамандары Қазақстанда ескі көлік көп екенін жақсы білетіндерін айтты, тыйым салуға қатысты мәселе тұрғындармен ақылдаса отырып шешіледі. Өйткені «жасыл» көшеде тұратын жүргізушіні түтіні бұрқыраған көлігін сатуға ешкім мәжбүрлей алмайды.

 

Алдағы екі-үш жылда оңтүстік астанадағы көлік иелерін қызық өзгерістер күтетін сияқты. Бастысы, бұл шара тексерушілердің қалтасын қалыңдататын жұмысқа айналып кетпесе болғаны.