Mercedes-Benz G 500 тізгіндеген жүргізуші екі апатқа себеп болды

23 қыркүйек 2022, 15:58

21 қыркүйек күні 12:52-де елорда тұрғыны полицияға қоңырау шалып, машинасы ұрланғанын айтады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, көлік иесі Б. Момышұлы даңғылындағы үйдің қасында оталып тұрған машинасының есігін бекітпей, басқа іске айналып кеткен. Келсе, көлік жоқ.

 

Тәртіп сақшылары ауладағы камера жазбаларын қарап, сол уақытта есік алдында бір ер адамның әйелді бақылап отырғанын көрген. Оның үйге кіріп кеткенін байқаған қылмыскер автомобильге отырып, жақын тұрған Land Cruiser 200-ді қағып өтеді де, кетіп қалады.

 

 

Камера көмегімен Mercedes-Benz G 500-дің қозғалысын бақылаған полицейлер оны Тәуелсіздік пен Байтұрсыноа қиылысында Lexus-қа соғылған күйінде табады. Ұрыны бірден құрықтаған. Медициналық тексеріс нәтижесі 32 жастағы ер адам мас екенін көрсетті.

 

Бөтеннің мүлкіне көзі түскен тұрғын Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша 1000 АЕК (3 063 000 теңге) айыппұл төлеуі немесе сол көлемде түзету жұмыстарын атқаруы не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы не 2 жылға дейін бас бостандығы шектелуі, болмаса дәл сол мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін. Ал ащы суға тойып алып машина жүргізгені үшін 20 тәулік қамауда отырады және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Оған қоса машинасы зақымдалған азаматтардың шығынын өтейді.