Наурыздағы автонарық: Hyundai Sonata үздік атанды

13 сәуір 2022, 12:56

12.3 млн теңге тұратын седанның бір айда мың данасы өтті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

2022 жылы наурызда Қазақстанда жеңіл коммерциялық техника, жүк көлігі мен автобустарды қоса есептегенде 10 753 көлік сатылды. ҚАБА мәліметіне сүйенсек, бұл былтыр наурыздағы көрсеткіштен 28.3 % жоғары.

 

Көктемнің алғашқы айында 3232 машинасы сатылған Hyundai тағы көш бастады. Кореялық марканың сатылымы қаңтар (2225) және ақпанмен (1417) салыстырғанда айтарлықтай өсті.

 

Екінші сатыға Chevrolet (1728 дана) жайғасса, үздік үштікті Kia (1269) түйіндеп тұр. Ал төртінші орынға Lada (1243) табан тіреді. Ақпанда үшінші қатардан көрінген Toyota бесінші сатыға сырғыды. Жапониялық марканың дилерлері өткен айда 693 машина ғана сата алды.

 

Еске салайық, нарықтағы жағдайды Kolesa.kz мобильді қосымшасындағы «Жаңа көліктер» бөлімі арқылы бақылауға болады.

 

2022 жылғы наурыз қорытындысы бойынша нарықтағы үздік 5 марка

 

 

 

Танымал модельдер тізімінде көшбасшы ауысты. Наурызда бюджеттік Cobalt немесе Hyundai Accent емес, Hyundai Sonata ең көп сатылды. Бір айда D класты седанның 1085-і өтті.

 

Модельдің алғаш рет жеңіске жетуіне Toyota Camry-дің тапшы болуы ықпал еткен секілді. Питердегі зауытта жұмыс тұралап қалғандықтан, жапон седаны бұл жолы үздік ондыққа да кіре алмады.

 

Екінші, үшінші орынға Cobalt (938) пен Accent (741) жайғасты. Үздік бестікке Lada Granta (587) мен Hyundai Tucson (530) енді.

 

Наурызда ең көп сатылған он модельдің тең жартысы Hyundai көліктері. Sonata, Accent және Tucson-нан бөлек Creta (423) мен Elantra (274) да үздіктер қатарынан көрінді.

 

Volkswagen Polo жайлы да айта кеткен жөн. Наурыздың басында бағасы шарықтап, ең арзан нұсқаның өзі 9.1 млн теңгеге (+1.5 млн) жеткеніне қарамастан, лифтбек рейтингте сегізінші орынға ие болды. Ақпанда 201 көлік сатқан автосалондар наурызда 321 данасын өткізді.