Полицейлер көліктерді заңсыз тіркеді деген күдікке ілінді

08 тамыз 2022, 14:28

Ішкі істер министрлігі Қазақстанға көрші елдерден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеуге қатысты қылмыстық істерді тергеп жатыр. Бұл туралы брифингте ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек:

 

– Ішкі істер министрлігі заңсыз әрекеттерге барған полицейлерді анықтау үшін түбегейлі шаралар қабылдап жатыр. Қазір ІІМ Ішкі қауіпсіздік басқармасы еліміздің жеті облысында көршілес елдерден әкелінген көліктердің Қазақстанға заңсыз тіркелуі бойынша қылмыстық істерді тергеп жатыр.

 

Ведомствоның мәліметінше, кейінгі үш жылда 2 мыңнан астам көлік заңсыз тіркеліп, мемлекетке 10 миллиард теңгеден астам шығын келген.

 

Мысал ретінде олар Шымкентте ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінің арнайы операциясын келтіріп, нәтижесінде көрші елдерден әкелінген көліктерді кедендік баж, қайта өңдеу және мемлекеттік баж салығын төлемей заңсыз тіркеу схемасының жолы кесілді.

 

ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек:

 

– Сот санкциясымен қалалық Полиция департаментінің процессингтік орталығының екі қызметкері қамауға алынды. Тек Шымкентте Қазақстанда заңсыз тіркелген 53 көліктен мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

 

Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, қылмыстық топқа процессингтік орталық қызметкерлеріне жақын адамдардан делдалдар, сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «көмекшілер» деп аталатын адамдар мен жалған сенімхаттар берген нотариустар жатады.