Полиция көлігіне қалқан орнату заңды ма?

30 наурыз 2022, 19:18

Алматы полицейлері Polisia деген жазуы бар қара түсті мықты қалқан (кенгурятник) орнатылған Chevrolet Equinox мініп жүр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Темірден жасалған құрылғы айбатты көрінеді, бірақ мұны орнату заңды ма деген сұрақ туындайды. Кедендік одақтың техникалық регламентіне сай, бамперден шығып тұратын кез келген затты орнатуға тыйым салынады. Әдетте полиция қызметкерлері қарапайым жүргізушілерден үнемі соны талап етеді.

 

Ендеше өздері не үшін жаңа кроссоверлерге мұндай құрылғы орнатып алған? Біз бұны полициядан сұрадық, бірақ нақты жауап ала алған жоқпыз. Бір анығы Chevrolet Equinox-ты қайта жабдықтау заңдастырылмаған. Жолда кездескен полицейлер көліктің техникалық төлқұжатын көрсетуден бас тартты. Шамасы ірі қалқан машина автосалоннан шықпай тұрып орнатылған секілді.

 

 

 

ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының 60-бабында полиция қызметкерлеріне «… бронды және өзге де арнайы машиналарды… жүргізуші қызметкердің тоқтату жөніндегі заңды талабына бағынбаса, көлік құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату үшін қолдануға» рұқсат етілген.

 

Қара түсті шанақ қорғағыш осы мақсатта қолданылуы мүмкін. Бірақ бұл кроссоверлер арзан емес, әрқайсысы 16 млн теңге тұрады. Ал құрылғы соқтығысу кезінде полиция көлігін қорғай ала ма, жоқ па белгісіз.

 

Алматыдағы ірі бампері бар патрульдік көліктер америкалық полицейлерді еске салады. Біздің ойымызша, патрульдік «эквиноксқа» кенгурятник осы мақсатта орнатылған секілді.

 

Заң не дейді? «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың 018/2011 техникалық регламентінде:

 

«М1 және N1 санатындағы көлік құралдарына болаттан немесе өзге де берік материалдан жасалған, бамперден алға шығып тұратын құрылғы орнатуға тыйым салынады», — деп жазылған.

 

Бірақ «көлік құралының стандартты жабдығында көзделген немесе белгіленген тәртіпке сәйкестігі расталған құрылғыға, сондай-ақ шамдар мен мемлекеттік нөмірді қорғау мақсатында орнатылған салмағы 0.5 келіден аспайтын торға бұл талап қолданылмайды».

 

Chevrolet Equinox-тың зауыттық сипаттамасына сай оған мұндай нәрсені орнатудың қажеті жоқ. Бірақ отандық шеберлер мүлде басқаша құрылғы орнатқан. Әлде оның белгіленген тәртіпке сәйкестігі расталған ба? Ірі бампердің бұл тармаққа сай келетінін полицейлер растай алмады.

 

Кедендік одақтың 018/2011 техникалық регламентінде өзге де бірнеше маңызды талап бар:

 

Көлік құралының сыртында өзге машинамен соқтығысқан жағдайда қауіпті арттыратын үшкір, қатты немесе сыртқа шығыңқы зат болмау керек.

 

Көлік құралының сыртында жаяу жүргіншілерді, велосипед немесе мотоцикл мінгендерді қағып кетуі мүмкін қауіпті бөліктер болмау керек.

 

Полицейлердің темір қалқанына назар аударсақ, оның жоғарғы және төменгі жағы доғал болғанымен, көлденең бұрышы қауіпті көрінеді (ауыр жарақатқа себеп болуы мүмкін).

 

Соған қарағанда, кенгурятник белгіленген талапқа сәйкес келетін-келмейтінін растайтын тексерістен өтпеген немесе қағаз жүзінде ғана өткен секілді.

 

Америкалық полицейлердің көлігіндегі шанақ қорғағыш қандай?

 

Жақында Калифорния штатының Санта-Барбара қаласынан Ford Crown Victoria көлігіне орнатылған нағыз америкалық қалқанды (ол жақта push bumber деп аталады) байқадық.

 

Crown Victoria өте мықты әрі берік автомобиль, ал ірі бампер оның алдыңғы жағын тіпті төзімді етеді. Ол седанның рамасына тікелей бекітілген.

 

 

 

Ал Equinox-қа қалқан екі жіңішке түтік арқылы бекітіліпті. Олардың машинаға қалай орнатылғаны белгісіз. Оның үстіне заманауи көліктердің құрылымы бұрынғы машиналарға мүлде ұқсамайды. Equinox-тың темір бөлігі лонжеронға дейін болған күннің өзінде, соқтығысқан жағдайда түтік дәнекерленген тұсынан үзілуі мүмкін (жоқ дегенде майысады).

 

Америкалық қалқанның пішіні де басқаша. Соққының күшін барынша әлсірету үшін негізгі тік бөлігі жұмыр пішінде жасалған. Ал біздікі тіп-тік орнатылған, бұл да тұғырға түсетін салмақты арттырады.

 

 

 

Айта кетерлігі, америкалық пуш-бамперде өндірушінің фирмалық белгісі сақталған, оны 1975 жылдан бері қорғаныс құралдарын шығаратын Go Rhino компаниясы өндіреді. Ал біздің полицейлердің құрылғысында өндіруші туралы мәлімет жоқ. Оның үстіне ұзақ уақыт қарауға рұқсат бермеді.