Renault Austral кроссоверін таныстырды

09 наурыз 2022, 18:42

Бұл көлік Nissan Qashqai-ға ұқсайды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

8 наурызда Renault жаңа моделін жұрт назарына ұсынды. Шағын кроссоверге берілген Austral атауы латын тілінен аударғанда «оңтүстік жақтан» деген мағына береді. Машина топтамадағы Kadjar-дың орнын басады.

 

 

 

Автомобиль үшінші буындағы Nissan Qashqai (J12) моделімен CMF-CD платформасын бөліседі. Екі көліктің ішкі панельдері де ұқсас, бірақ сырттай айырмашылық айқын көрінеді. Жаңа машинаның сырт пішіні Megane E-Tech электромобилін еске салады.

 

 

 

Austral-дың техникасында біршама ерекшелік бар екенін айта кеткен жөн. Qashqai-мен платформасы бірдей болғанмен, француздар жасаған толық жетекті машинаның шассиі күрделі. Мұнда сөз 4Control Advanced жүйесі жайлы болып отыр. Актуаторлар артқы дөңгелектерді бес градус бұрыш жасап бұрады. Жылдамдық 50 шақырымнан аспаса алдыңғысына қарсы бағытта, ал 50-ден асқанда сол бағытқа бұрылады.

 

 

 

Салонда алдыңғы панельдің қос дисплейі бірден көз тартады. Көлденең қойылған 12.3 дюймдік экран аспаптар панелінің қызметін атқарса, 12 дюймдік тік планшет мультимедиа кешені мен борт электроникасын басқаруға мүмкіндік береді. Бірақ климат реттеу үшін дәстүрлі батырманы пайдаланасыз.