Ресейде «Москвич 3-тің» бағасы белгілі болды

21 желтоқсан 2022, 16:55

Мәскеудегі бұрынғы Renault зауыты алғашқы моделі «Москвич 3-тің» бағасын жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

150 ат күшіне ие 1.5 литрлік моторы механикамен жұмыс істейтін машина 1 970 000 рубль (шамамен 13.5 млн теңге) тұрады. Ал оның Қостанайда шығып жатқан аналогы JAC JS4-ті 10 480 000 теңгеге аласыз.

 

«Москвич 3» 17 дюймдік дөңгелек, жарықдиодты оптика және кілтсіз ашу функциясымен жабдықталады. Салонға 10.25 дюймдік экраны бар аудиожүйе, артқы көрініс камерасы, алты динамикті акустика, климат-бақылау орнатқан. Көмекшілер тізімінде ABS пен ESP-ден бөлек өрде жүре бастағанда жәрдем беретін жүйе, шинадағы қысымды қадағалайтын сезгектер және шұғыл тежеу ассистенті бар. Бұлардың қайсысы базалық комплектацияға кіретіні әзірше белгісіз.

 

 

Кәсіпорын жыл аяқталғанша 600-ге жуық автомобиль шығарып, автосалондарға жіберуді жоспарлап отыр. Ел астанасында қазірдің өзінде 11 орталықтан тұратын желі құрылған. Құрамында бұрын Mercedes-Benz, Rolls-Royce секілді марка өнімдерін сатқан «Рольф» пен «Авилон» бар. «Авилон» қазір Aurus модельдерін саудалайды. Өндіріс көлемі артқан сайын дилер саны да көбеюі мүмкін.

 

Зауыт 2023 жылы 50 мың автомобиль сатуға ниетті, 10 мыңы электромобиль болады. «Москвичтің» электр нұсқасы шығады деген ақпарат ресми расталмады, бірақ сертификат құжаттары бойынша көлік 68 ат күші мен 340 Нм беретін қозғалтқышпен жүруге тиіс. Одан бөлек «Москвич 3-тің» арзанырақ нұсқасы (1.6 л; 109 а. к.) конвейерге тұруы мүмкін. Біздің елде ондай кроссовер 9 880 000 теңге тұрады.