Ресейге салынған санкция Қазақстанға әсер етті. Автонарықтағы қазіргі ахуал

11 наурыз 2022, 18:57

Ресейден кеткен автоөндірушілер тізімі және оның Қазақстанға әсері, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

2022 жылы ақпанның соңында басталған Ресей мен Украина қақтығысына байланысты автоөндірушілер мен автоөндіріс саласында қызмет ететін компаниялар Ресейге зат жеткізуді тоқтатып, біразы сол елдегі зауыттарын жапты. Кейбірінің Қазақстанға еш қатысы жоқ, ал кейбірі бізді айналып өтпеді. Бұл материалда Kolesa.kz редакциясы көлік нарығына қатысы бар оқиғаларды топтастырды.

 

Ресейден кеткен маркалар тізімін қоя тұрып, елдегі жаңа машиналардың бағасына тоқталайық. Автосалондағы баға мөлшері долларға тікелей байланысты. Украинадағы жанжал басталғанға дейін 428 теңге болған АҚШ валютасы 11 наурызда 510 теңгеден асты. Соған сай баға тізімі де өзгерді. Мысалы, Toyota Camry 11 %-ға қымбаттады. Volkswagen көліктерінде өсім ең жоғары болды, Tiguan-ның кей нұсқасы бірден 4.1 млн теңгеге қымбаттап кетті.

 

 

 

Ресейде де баға өсіп жатыр

АВТОВАЗ көліктерінің де бағасы шарықтап барады. Тольяттидегі зауытта шығарылған машиналардың құны рекордтық деңгейге жетті. Lada Largus сияқты модельдер бірден 30 %-ға қымбаттады.

 

Ресейге көлік жеткізуді тоқтатты

Қазірге дейін (11 наурыз) Audi, BMW, Mini, Cadillac, Chevrolet, Chery, Ford, Geely, Haval, Honda, Jaguar, Land Rover, Toyota, Lexus, Mazda, Nissan, Porsche, Škoda, Volkswagen және Volvo Ресейдегі дилерлерге автокөлік жіберуді тоқтатты.

 

Бірақ Geely, Haval, Toyota және Lexus сияқты бірнеше компания Ресейде көлік сатуды тоқтатпайтынын мәлімдеді, ал қазіргі шектеу логистика желісі бұзылғанына және валюта бағамының тұрақсыздығана байланысты қабылданып отыр.

 

Мотоцикл нарығы да бұл жағдайдан тыс қалған жоқ. Honda мен Harley-Davidson Ресейге техника жеткізуді тоқтатқаны белгілі болды.

 

 

 

Шетелдік зауыттар жабылды

 

Дайын автокөлік жеткізуді тоқтатумен қатар зауыттардың жұмысы да шектелді. Атап айтқанда, BMW (Калининград), Ford (Мәскеу), Toyota және Nissan (Санкт-Петербург), Volkswagen (Калуга), Škoda (Нижний Новгород), сондай-ақ Санкт-Петербургтегі Hyundai/Kia зауыты және Мәскеудегі Renault зауыты қызметін тоқтатты. Соңғы екеуі мен Toyota өндірісі автобөлшек жетіспегендіктен тұралап қалған. Renault 14 наурызда іске қосылады деген ақпарат бар.

 

 

 

Қазақстанға ең алдымен Toyota өндірісіндегі өзгеріс әсер етеді. Өйткені біздің елде ең көп сатылатын Toyota модельдері Camry мен RAV4 Ресейден келеді. Hyundai мен Kia зауытының жабылуы да біз үшін жайсыз жаңалық. Accent, Rio және Creta кроссоверін құрастыруға қажет бөлшектер Ресейден жеткізіледі.

 

 

 

Шетелден автобөлшек келмегендіктен АВТОВАЗ-да жұмыс саябыр, тіпті тоқтады деуге болады. КАМАЗ-дың да жағдайы мәз емес. Daimler компаниясымен байланысы үзілді, сонымен қатар маркаға Cummins дизельді моторы мен ZF беріліс қорабы орнатылмайтын болды. Зауыт енді негізінен К3 сериялы арзан жүк көліктерін шығарады, бұл машинада 70-жылдардағы кабина болады және ресейлік мотор қойылады.

 

Құрамына Opel, Peugeot, Citroen, Jeep кіретін Stellantis альянсы да Ресейдегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазір Калугадағы зауыт жұмысын жалғастырып жатыр, бірақ компания басшысы шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында санкцияға байланысты зауытты шетелге көшіру немесе өндіріс көлемін қысқарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Кейін Stellantis өкілдері Carscoops порталына Калугадағы зауыттан Еуропаға көлік жібермейтінін хабарлады.

 

Mitsubishi Motors та көлік жеткізуді доғарып, зауыт жұмысын тоқтатуды қарастырған, бірақ қазірше бәрі жұмыс істеп тұр.