Stellantis өндіріс орындарын Ресейден көшіруі мүмкін

26 ақпан 2022, 16:47

Бұл туралы альянс басшысы Карлос Таварес мәлімдеді деп жазады kolesa.kz тілшісі.

 

Құрамына бірқатар еуропалық және америкалық автоөндіруші кіретін Stellantis концерні Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысқа байланысты санкция қысымына ұшыраған Ресейде көлік шығарудан бас тарттуы мүмкін. Бұл туралы альянс басшысы Карлос Таварес The Wall Street Journal басылымына мәлімдеді.

 

— Егер зауытқа жабдық жеткізе алмайтынымыз анық болса, өндірісті басқа зауытқа көшіруге мәжбүр боламыз, — деді Таварес.

 

Stellantis компаниялар тобы Калуга облысындағы «ПСМА Рус» зауытында көлік шығарады. Альянс кәсіпорынның 70 %-ына иелік етеді, ал қалған 30 %-ы Mitsubishi-ге тиесілі.

 

Аталған зауытта Peugeot 408 және Citroen C4 седаны, Peugeot Traveller, Citroёn SpaceTourer және Opel Zafira Life микроавтобусы, Peugeot Partner, Citroёn Berlingo және Opel Combo Life, сондай-ақ коммерциялық техника өндіріледі. Еуропа нарығына арналған дизельді қозғалтқыш өндірісі жолға қойылған. Ресми дерекке сәйкес, 2022 жылы ақпанның басында зауыт бірнеше коммерциялық модельді Еуропаға шығара бастады.

 

«ПСМА Рус» 2022 жылдың соңына қарай механикалық беріліс қорабын және Fiat Scudo жеңіл коммерциялық көлігін құрастыруды жоспарлап отыр.