Toyota жаңа Land Cruiser Prado-ны келер жылы көрсетеді

29 желтоқсан 2022, 16:14

Toyota жаңа жол талғамайтын көлікті 2023 жылы жазда таныстырады. Компания алда бұдан өзге де бірнеше жаңа өнімін көрсетеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Прадиктің 150 индексті қазіргі буыны 2009 жылы жарық көрген. Жапониялық BestCarWeb басылымы Prado-ның қазіргі нұсқасы қатардан шығатын сәт жақындағанын хабарлады. 

 

Басылым жаңа Prado-ның кешігіп шығуына әлем автоөндірісін тығырыққа тіреген коронавирус пен автобөлшек тапшылығы себеп болғанын айтады. Toyota 2022 жылы Жапониядағы зауыттарын бірнеше рет уақытша жабуға мәжбүр болды, осының бәрі әзірлеушілер жұмысына кері әсер етті.

 

Жаңа Land Cruiser Prado Land Cruiser 300 сияқты TNGA-F платформасына негізделеді. Бірақ шағындау көлемі өзгеріссіз қалады.

 

Жол талғамайтын көлік жеңіл әрі үнемді болады. Марка Prado-ға негізінен 4 цилиндрлі шағын моторлар қояды. Мысалы, 2.8 литрлік моторға негізделген жаңа дизель-электрлі қозғалтқыш орнатады, ол электрлі бөлігінің көмегінсіз 200 ат күші мен 500 Нм береді. Батареялы қосымша мотордың арқасында жол талғамайтын көлік 100 шақырымға алты литр жанармай жұмсайды. Prado-ның үздік түрленімі TLC 300-ден таныс турбо V6-мен де жабдықталуы мүмкін.

 

Инсайдерлар келер жылы Toyota-ның өзге жаңа өнімдері, атап айтқанда, Prius-тың күштік құрылымы орнатылған C-HR кроссоверінің жаңа буыны және BMW M4 CSL моторымен жүретін Supra купесінің қуатты нұсқасы шығатынын хабарлады. Ал Lexus келер жылы ірі V8-ден бас тартып, ультрашағын сегментті бағындыруды жоспарлап отыр.

 

Ұзындығы төрт метрден аспайтын шағын кроссовер Toyota Aygo X-тің премиум нұсқасы болады. Біран оған қуаттырақ агрегат орнатылады. Aygo X бір литрлік үштікпен жүрсе, Lexus кроссовері 1.5 литрлік мотор негізгі болатын гибрид күштік құрылыммен жабдықталады. Машинаның тұсаукесері 2023 жылы күзде өтеді.