Айбын

Алашорда әскері туралы не білеміз?

  • Алашорда әскері туралы не білеміз?

    Алашорда әскері туралы не білеміз?

Біздің білмейтініміз көп. Шындығында, азат ел болу, тәуелсіз жұрт болудың басты шарты – ел қорғаны – әскері. Әскерсіз ел, қорғансыз мемлекет болмайтыны ақиқат. Ендеше өткен ғасырдың басындағы Алашорда қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі қалай өрбіді? Там-тұмдаған ақпараттарға үңіле отырып, бүгінгі Отан қорғаушылар күні мерекесінде Алаш құрған ұлт әскері мәселесіне көз жүгірткен едік.

Алмағайып заманда азаттыққа бел буған Алаш үкіметінің тәуелсіз мемлекет болуы ең алдымен екі мәселеге терең байлаулы екенін сол тұстағы ұлт көсемдері жете ұғынған. Оның бірі – әскер, екіншісі – қазына. «Қазақ» газетіндегі «Қайтсек жұрт боламыз?» атты  мақаласында Мір­жақып Дулатов тәуелсіз жұрт болудың жолына тоқтала келе, «автономияға тырысалық, дербес үкіметіміз, өз әскеріміз болса бізбен әркім де есептеспек» деп түйіндейді. Сосын Міржақып Дулатов тоқетерін де тарқатады: «Жауап біреу-ақ әскеріміз бол­са ғана жұрт боламыз!» Жалпы, Алаш тарихына үңілсек, ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс болғаны бай­қалады. Мәселен, 1917 жылғы І-жалпы қазақ съезінде «...анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» делінген болса, ІІ-жалпы қазақ съезінде елге қорған болатын «халық әскерін жасау керектігі қайта жаң­ғырып, милиция құрудың мақсаты анық­талды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілген».

Алаш әскері жайында тарихшы Күлпаш Ілиясова Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталғанын алға тартады. Оның айтуына қарағанда, бас­тап­қы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіп­сіздігін қорғайтын әскер ұғымы жатты. «ІІ-жалпы қазақ съезінде халық әскерінің әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға соғыс өнерін үйрету, қажетті қару-жарақ, қаржы, көлік және тағы басқа зат­тармен қамтамасыз ету тәртібі анықталып, «26500 адам тіркелген халықтық милиция құру қажет» деген қаулы қабылданады. Бұл идеяны Жақып Ақбаев ұсынған бола­тын. Съезд қаулыларында нақты көрсетіл­гендей, Алаш әскерін құру үшін алдымен милицияға алынатын адам шығынын анықтау, оларды қару-жарақ, ат-көлікпен қамтамасыз ету, әскери мамандар (офи­церлер мен инструкторлар) даярлау жұмысын айқындап, оған қажетті қара­жатты алты облыстың қазақтары есебінен жинайтын болды», – деп жазады Күлпаш Ілиясова.

Ал Уикипедия мәліметтеріне үңілсек, Әлихан Бөкейхан 1919 жылғы ақпанның 11-інде Колчак үкіметінің ресми делега­ция­сымен жүргізген келіссөздерінде келтірілген мәліметтерге қарағанда, сол кезде азамат соғысы майдандарында Қызыл армияға қарсы күреске қатысқан Алашорда қарулы күштерінің саны 3000-нан асқан. Аталмыш келіссөздер бары­сында Сібір үкіметі өкілінің «Милицияны қалай түсінуге болады?» деген сауалына Алашорда делегациясының басшысы Әлихан Бөкейхан: «Милиция — бұл біздің әскеріміз. Ол қазір іс жүзінде бар: 700 жігітіміз Жетісу майданында, 540 адам Троицк түбінде, 2000 адам Орал облысын­да соғыс әрекеттеріне қатынасуда», — деп жауап берген көрінеді.

Тарихшылар сілтеме жасайтын мұрағат деректеріне қарағанда, Алашорда әскері­нің құрылуы мен оның қызметі 1918 жыл­дың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтыған. Ал тарихшы Сейітқали Дүйсеновтің айтуын­ша, Алаш әскерінің атқаратын басты мін­деті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу делінген. Әуелде осын­дай қағидатқа сүйенген Алаш қайраткер­лері ұлттық әскердің түрін – атты һәм тұрақты әскер принципімен құрады. Сосын бұған патшалық Ресей әскерінің құрылымы үлгі ретінде алынады. «Әскер құру ісін және оған басшылық жасауды үш адамнан тұратын Алашорданың әскери кеңесі басқарды. Әскери кеңеске большевиктерге қарсы күресу үшін әскерге жігіттер шақыру міндеті жүктелді. Қазақ жігіттерінен офи­церлер дайын­дау үшін Орынбор қаласын­дағы юнкерлер училищесінің мүмкіндігі пайдаланылды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында милиционерлер саны – 13,5 мың, яғни Бөкейде – 1000, Орал­да – 2000, Торғайда – 3000, Ақмолада – 4000, Семейде – 1500 және Жетісуда 2000 адам болсын деп белгіленді», – деп жазады тарихшы Сейітқали Дүйсенов. Ал зерттеуші Марат Әбсәметов Алаш әскерінің өзіндік фор­масы болғанын да алға тартады. Оның жазуына қарағанда, форма «жағасына жүні өсіңкі емес тері жүргізіп, пішінін мұсылман шәкірттерінің камзолына ұқсатып тіккен». «Бірақ бұл форма барлық Алаш әскерлерінде болмаған сияқты. Мысалы, Батыс Алашорда әскерлері беш­пент, түйе шек­пен, қызыл бөрік, қысқа тон киген. Ұлттық әскердің тұңғыш негізін салу­шы Алаш әскерінің туы ақ түсті, орта­сында киіз үйдің суреті және «Жасасын, Отан­ның адал Ұлдары!» де­ген жазу болған», – деп жазады Сейітқали Дүйсен­ов. Оның деректеріне қарағанда, Семейде 1918 жылдың қаңтар және мамыр айла­рында бірінші Алаш атты әскер полкі жасақталады. Оны ұйымдастыру мен жаб­дықтауда Ә.Бөкейханов, капитан Хамит Тоқтамышев, Семей уездік земствосының төрағасы А.Қозыбағарұлы, М.Тынышпаев, Р.Мәрсеков көп еңбек сіңірген. Семей өңірі­нің қалталы азаматтары да көмек қолын ұсыныпты.

Лаура Қадырова, Шығыс Қазақстан облысы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қызметкері:

– Алашорда үкіметінің басты міндет­тері­нің бірі – ұлттық әскери (милиция жаса­ғын) құруды іске асыру еді. «Заречная слободка» деп аталып жүрген Семей қала­сының бір бөлігі 1917 жылдың желтоқсан айынан бастап Алаш қаласы аталды да, сол Алаш қаласы маңында I-ші Алаш атты әскер полкі құрыла бастайды. Ең алғаш топқа қазақ жастары тартылады, оның ішін­де қалада оқып жүрген семинария сту­денттері, отбасын құрмаған, яғни үйлен­бе­ген, түрлі орындарда жұмыс істеп жүр­ген жастар болды. Мұрағатта бізге жеткен құ­жатта I Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырыл­ған 430-дан астам жауынгер жастың аты-жөні жазылған тізімі сақталған. Тізім ішінде  М.Әуезов, Ә.Бө­кей­ханов, Х.Ғаббасов, А.Қозыбағаров, М.Тұр­ған­баев, Ы.Мұстамбаев, Абайдың б­ала­сы Тұрағұл Ибрагимов те бар.




Көрілген: 2761    Пікірлер: 0

сейсенбі, 07.05.2013, 13:40

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Cпорттағы брендіміз

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30