Айбын

Әскери қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді қайтару керек пе?

  • Әскери қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді қайтару керек пе?

    Әскери қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді қайтару керек пе?

Кеңес үкіметін қанша жамандасақ та, ол тұста әскери қызметкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған еді. Ол кезде әскери мамандар үйсіз-күйсіз қалып кетемін деп қорықпайтын. Қай әскери бөлімге барса да, тегін қызметтік үй берілетін. Егер зейнетке шықса, ол үй өзінің меншігі болып қалатын. Тіпті болмағанда әскери бөлімнің маңындағы қаладан мемлекет үй алып беретін. Егер әскери қызметкер ауырып қалса, емделуі тегін, жылына бір рет санаторийлерге жіберіліп тұратын. Оларға қоғамдық көлік те тегін, тұрғын үйдің коммуналдық төлемақысына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ол уақытта әскерилердің бала-шағасына дейін жағдай жасайтын. Әскери қызметкерлердің балалары ЖОО-ға түсетін кезде жеңілдіктер болушы еді. Қазір мұның бірде-бірі жоқ. Жалпы, әскери қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді қайтару қажет пе? Осы тақырыпқа аз-кем тоқталғанды жөн санадық.

Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін шекарамызды мызғымай күзететін, ішкі тыныштықты сақтайтын әскер керек екенін, егемендігімізді өзгеге сенбей, өзіміз қорғап тұра алсақ қана іргелі ел деңгейіне көтеріле алатынымызды түсіндіріп жатудың өзі артық. Десек те, Тәуелсіз­дігімізді алғаш алған тұста елдің іргесінің бүтіндігі мен халқымыздың тыныштығын қорғап, күндіз-түні сапта тұруға дайын әскери қызметшілерімізге тиесілі дәрежеде әлеуметтік жеңілдіктер қарастыра алмадық. Енді Тәуелсіздік алғанымызға 21 жыл болды. Қазір еліміз еңсесін көтерді, экономикамыз қарыштап дамып келеді. Бұл ретте неге әскери қызметшілерге бұ­рынғы жеңілдіктерін қайта қарастыр­масқа? Осындай жағдайда ғана біз олар­дың Отан қорғау жолындағы еңбегін баға­лайтынымызды көрсетіп, жастары­мыз­дың әскери қызметке деген ынтасын арттыра алатын боламыз.

Сұлтан БОРАНБАЙҰЛЫ, Ауған соғысының ардагері:

 – Жасыратыны жоқ, қазір сарбаздар арасында әскерден қашу, онда өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп кетті. Әскери бөлімдерде былық көп. Осының бәрі неден орын алып отыр деп ойлайсыз? Неге офи­церлер онда өз қызметтерін дұрыс атқар­майды? Мұның бірден-бір себебі, әскери қызметкерлердің жалақысы аз, бұрынғы­дай әскери мамандарға берілетін жеңілдік­тердің барлығы жойылып кеткендіктен осындай мәселелер туындауда. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде әскери қызметкер­лер­ге көп жеңілдіктер қарастырылған еді. Әскери қызметкер бір айлық еңбек дема­лысына шықса, отбасына деп 50 пайыз үсте­ме ақы қосып беретін. Ол кезде әске­рилерге берілетін әлеуметтік көмектер өте көп еді. Қазір оның бірде-бірі жоқ. Бүгінде әс­керден зейнетке шықсаңыз, үйсіз-күйсіз дала­да қаласыз. Қалай дегенмен де әс­кери­лерге арналған жеңілдіктерді қайтару керек. Өйткені қазір әскери саладан көп­шілігі кетіп қалып жатыр. Біліктілігі мықты, әскери тактиканы жетік меңгерген қызмет­керлер айлығы аз әскери бөлімдерде жұ­мыс істегісі келмейді. Егер бұлай кете бер­се, ертеңге күні әскерге жастарды қайтып тарт­пақпыз? Отанды, елді кім қорғайды? Мұның соңын ойлаудың өзі қорқынышты. Әскери әлеуетімізді тіптен төмендетіп аламыз. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағ­дайда әскери салаға төзімді, мығым, білімді азаматтар келгісі келмейді, тек өмірден өз орнын таппаған, таланты аз жігіттер ғана жиналады. Егер біз әскерде қызмет істей­тін­дерді іріктеп аламыз десек, онда әскери қыз­меткерлерге артық­шылықтар, жеңіл­дік­тер қарастыруымыз қажет.


Шыны керек, бұрын ел арасында әс­кери патриотизм күшті болды. Бала кезде көше­ден офицер көрсек, қатты қызығатын­быз. Тіпті сарбаз әскери борышын өтеп үйіне келсе, бүкіл ауылдың жастары соның қасынан шықпайтынбыз. Формасына қызығып, әңгімесін ұйып тыңдайтын едік. Міне, әскери адамға деген құрметті сол кезде ауылдың баласына дейін жақсы түсінді. Ал қазір жас сарбаздың әскерге қашан барып кеп қойғанын түсінбейсің. Оның үстіне, оларға арналған жеңілдіктер жоқ десек те болады. Жасыратыны жоқ, қазір жас буынның әскерге деген қызығу­шылығы тіптен сөніп қалды. Кеше ғана әскерден қашқан жас сарбаздар «Мен онда қызмет еткім келмейді» деп ашық сұхбат беріп отыр. Осыдан-ақ біздің әскер­дегі ахуалдың қандай екендігін аңғаруға бо­лады. Егер бұрынғыдай әскери қызмет­ке­рлерге өзіндік жеңілдіктер қарастыры­латын болса, бұл Отан қорғау алдындағы әскерилерді ынталандыру емес, елдің, әсіресе жас буынның әскерге деген қы­зығушылығын оятуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан әскери қызметтің құнды­лы­ғын көтеру үшін оларға түрлі жеңілдіктер қарастыруымыз қажет.

Әскери мамандарға қандай жеңілдіктер берілуі керек?

Бірінші, ең бастысы, мемлекет әскери қызметкерлерге тұрғын үйді жалдағаны үшін жұмсалатын шығындарын ескере отырып, ай сайын жәрдемақы төлеуі керек. Екінші, 20 және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшілерге олардың таңдаған елді мекендерінен тұрғын үй бөлу немесе оның нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлеуі қажет. Үшінші, олардың қоғамдық көліктің барлық түрлерінде тегін жүруін қамтамасыз етуіміз тиіс. Төртінші, барлық соғысқа қатысушылар мен басқа да ұрыс қимылдарына қатысушыларға, әскери міндетін орындау кезінде мүгедек болып қалып, қызметтен босатылған қызметшілерге, запастағы немесе доғарыстағы полковник және одан жоғары атақтағы офицерлерге санаторийлік-курорттық емделуі үшін бір айлық зейнетақы мөлшерінде жылына бір рет ақшалай жәрдемақы төлегеніміз жөн.




Көрілген: 2462    Пікірлер: 0

сейсенбі, 07.05.2013, 13:37

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Cпорттағы брендіміз

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30