Айбын

Астана тойын елордалықтар ғана емес, бүкіл ел сезінуі тиіс

  • Астана тойын елордалықтар ғана емес, бүкіл ел сезінуі тиіс

    Астана тойын елордалықтар ғана емес, бүкіл ел сезінуі тиіс

Бүгін – тәуелсіз Қазақ елінің елордасы – асқақ Астананың туған күні. Биыл өзі­нің 15 жылдық мерейтойын мәнді де маз­мұнды сән-салтанатымен ерекше атап өткелі отырған бас қаламызға әлем назары ауып отыр десек артық айт­қандығымыз емес. Той десе қанат­та­нып, делебеміз қозып, тіпті рухтанып кететініміз бар. Қонақжай қазақ мұн­дай­да ақ қанат киіз үйлер тігіп, ат шап­тырып, Алты Алаш пен алты құр­лыққа сауын айтып, той көрігін жан-жақтан шақырылған қадірлі де құр­метті қонақтармен бірге қыздырады. Мемлекеттік деңгейдегі басты мерекеміз саналатын Астана тойы әуелі қазақ үшін өте қастерлі саналатындықтан, оның мәр­тебесі мен ауқымына баса назар аударатынымыз да сондықтан.

«Тойдың боладысынан болары қызық» демекші, осынау мерейтойға байланысты түрлі мәдени-көпшілік шаралар республика аума­ғында әлдеқашан басталып та кеткен болатын. Тіпті алыс-жақын шетелдерде де Астана күніне орай бірқатар арнайы шаралар да ұйым­дас­ты­рылды. Дүбірлі той барысынан тәбәрік күтіп, елордаға назар тіккен ел-жұртта қисап жоқ. Алайда осынау басты мерекеміздің бар айшы­ғын неге тек елордалықтар мен Астана қонақ­та­ры ғана сезінуі тиіс? Әрине, еліміздің әр өңі­рін­де, әр аудан, қаласы мен шағын ауылдарда да Астана күні өз деңгейінде атап өтіліп жатады. Жергілікті әкімдік шама-шарқынша халықты жинап, шағын концерт өткізер, спорттық жарыс­тар мен өзге де ойын-сауық, сауда-сат­тық ұйымдастырып тар­қасар. Дей тұрғанмен де негізгі тойдың маңызын санамызға сіңіріп, рухымызды жани түсу үшін мұн­дай таптаурын әдістер біз үшін тым аздық етеді. Себебі бізде мұндай мемлекеттік мере­ке­лерді жұмылып той­лаудың нақты жоба-жоспары болма­ған­дық­тан, шалғайдағы ағайынның бір­шама қызық­тардан құр қалып жататыны жасырын емес. Сондықтан да мұндай салтанаттар түрлі ақ­па­рат құралдарынан әредік беріліп отыратын жа­ңа­лықтар аясынан ары шығып, үлкен репор­таж­дар мен тікелей эфирлерге ұласып, жалпы ха­лыққа кеңінен тарауы керек емес пе? Қазір ақ­па­раттық технологиялар мықты дамыған заман.

Бұл ретте тіпті интернет арқылы он-лайн көрсетілімдер ұсынылып, респуб­ли­ка­мыз­дың кейбір қалалары мен аудан орталығындағы орталық алаңдарға ірі экрандар орнатылып, той барысын түгел жұрттың көз алдына әкелуге мүмкіндіктер жасап қоюға да болады.

Бала күнімізде түрлі парадтар мен ма­ңызды шараларды ұзақ уақыт теле­дидардан тікелей көріп, қызығып, өзімізді сол дүбірдің ішінде жүргендей сезінуші едік. Осы орайда заманауи техноло­гиялардың көмегімен кез келген шараны өзіне сай келіскен салтанатымен ауқымды етіп көрсетуге не кедергі?

Бүгінгі қазақ жұрты – төрткіл дүние­дегі талай елмен терезесі теңескен, әлемдік саяси сахнада өз орнын нықтаған тәуелсіз мемлекеттің иесі. Ақордалы Астана – ғасырлар бойы аңсап күткен Тәуел­сіз­дігіміздің айқын символы. Ендеше, Алаш жұртының айбарлы астанасына айналған елорда тойы баршамызға ортақ болуға тиіс.

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Жур­налистер одағының төрағасы:

– Қандай ірі мереке, түрлі-түрлі шағын шаралар болсын, қандай да бір елеулі оқиғалар орын алып жатса да – осының бел ортасында білек сыбанып журналистер қауымы еңбек етіп жүреді. Олардың басты міндеті – халықты айналада болып жатқан сан қилы оқиғалардан хабардар ету. Бү­гінгі Астана тойының дүбірін жұртқа жет­кізуде журналистерге де айтарлықтай сал­мақ түсетіні белгілі. Әйтсе де бізде көптеген маңызды салтанатты шаралар көрер­меніне, яғни халыққа толыққанды жетпей жатады. Бұл ретте көпшілік жур­налистерді кінәлап жатады. Мұның бәрі айналып келгенде белгілі бір шараны ақпарат құралдары арқылы көрсетіп, та­рату үшін берілетін аккредитацияларға байланысты. Әрине, Астана тойы негізінен мемлекеттік теле-радио арналары арқылы қамтылмақ. Оның үстіне, эфирдің біршама уақытын алатын тікелей қосылымдар жасаудың техникалық тұрғыдағы өз қиындықтары мен қаржылық мәселелері тағы бар. Кейде сондай бір себептермен де көп жағдайда мереке барысы жаңа­лықтар­ бағдарламасы аясында қалып қоятын сияқты. Рас, ар­найы концерттер ұсынылып жатады. Де­ген­мен дәл Астана тойы сияқты өте маңызды мерекелерде тура сол күнгі той көрігін барша ел болып тамашалау үшін эфирлік уақытқа көп көңіл бөлуіміз қажет. Бұл ең алдымен жас ұрпақтың патриоттық сезімін шыңдауға қызмет етпек.

Өркен КЕНЖЕБЕК, «Хабар» арнасы бағдарламалар өндірісі дирекциясының шеф-редакторы:

– «Американские грёзы» деген қа­лыптасқан ұғым бар. Яғни Голливудтың қызылды-жасылды фильмдері арқылы америкалық өмір сүрудің сондай тамаша екені ұрпақтан-ұрпаққа сіңірілді. Солай емес пе? Расында, бәрі кинода көр­сеткендей болмауы да мүмкін. Бірақ адам бәрібір  ертегіге сенгісі келеді, тіпті алдан­ғысы келеді. Тіптен бұл – өз елінде отан­шылдықты оятудың төте, ал сырт әлемде айбыныңды асырудың тура жолы. Сон­дықтан Астана тойын жалпыхалықтық ауқымда тойлау мәселесіне мен осы тұрғыдан қарауды ұсынар едім. Біріншіден, Астана мерекесі – қатардағы қаланың тойы емес, еліміздің жаңа дәуірдегі авангарды міндетін атқаруы тиіс болған идеологиялық бас нышанымыздың және Елбасымыздың туған күні, яғни бір емес, қос ортақ біріктіруші фактор тұрғанда бұл той тек Астанада тойланбауы керек. Еліміздің жері кең, қатынас нашар, шыны керек, бұл жағдайда тойдың онлайн режимінде, эфирлерден тікелей көрсетілуі жұртты біріктіреді, мерекелік көңіл күйді сез­діреді, жұртты ортақ идеяларға топ­тастырады, Президент, Астана секілді мемлекеттік символдарға деген құрметті арттырады. Міне, осыны мен идеология деп түсінемін. Біз барымызды барынша бар етіп көрсетуіміз қажет. Бүгінгі күні бұл бағытта мақсатты қадамдар жасалуда.




Көрілген: 2392    Пікірлер: 0

сенбі, 06.07.2013, 11:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Cпорттағы брендіміз

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30