Айбын

Жамбылдың батасын алған соғыс ардагері 101-ге келді

Бата-тілекте бір тылсымның бары анық.  Мұ­ны­мен биыл 101-ге толып отырған Алматы облы­сының Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе ауылының тұр­ғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Күрішбек Көжекбайұлы толық келіседі. Бет-жүзіне, қимыл-қозғалысына қарап Күрішбек атаны 100-ге келді деп айтпайсың. 70-80-ге енді толған кей қариялардан анағұрлым сергек.

«Адам өмірге құштар-ақ, шіркін. Өзің секілді ба­лалар маған қызығады. Ал мен оларға қызығамын. Жап-жас, күш-қуаты бойында. Заман болса мынау. Не жеймін, не ішем деген уайым жоқ. Жүз жасауда еш­қандай құпия жоқ. Бұл маған қанмен берілген Ал­ланың ең үлкен сыйы деп білемін. Менің арғы ата­ларым да 100-ді алқымдап барып дүние салған. Со­лар­дан берілген шығар... Тағы бір маңызды ма­ғлұ­мат, соғысқа аттанып бара жатқанда, яғни 1942 жылы Жам­был атамен кездесу болды. Аузы дуалы адам ғой, май­данға кетіп бара жатқандарды жырларымен жігер­лендіріп, ақ батасын беріп жүр екен. Алақан жайып, «әумин» дедік. Әлгі «Жүз жасаған жүректен» деген өлеңі бар ғой, соны соғыс жылдарында қайталап айтып жүрдік.


«Ер бол демей не дейін,

Ереуілді майданда үстем болсын мерейің.

Жауды қырып айдауға талмай көмек берейін...

Сендерге өлең айтқанға, еш шаршадым демейін.

Қан майдан боп жатқанда, қарлығар ма көмейім?!»


деп шын жүрегімен егіле жырлаған Жәкемнің батасы қабыл болды. Жауды жеңіп, елге аман қайттық. Әрине, шығын көп болды, дегенмен біз жеңдік. Әділдік жеңді!» – дейді қария ағынан жарылып.

Абыз ақсақалдың айтуынша, Алматыда жасақ­талған 100-атқыштар бригадасында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова да болған. «Алғаш көр­ге­німде ол бздің 100-атқыштар бригадасында штаб пи­сарі болып істейтін. Елден келген хаттарды үлестіретін. Өзі­мен бірнеше рет сөйлестім. Өр мінезді, жанарын тік қадайтын еді. Тағы бір ерекшелігі – ол қазақтармен тек қазақ тілінде сөйлесетін.  Ондайда қасында басқа ұлт­тың офицерлері тұр-ау деп қысылмайтын. Қара то­рының әдемісі еді. Оны сарбаздардың бәрі жақсы көріп, құрмет тұтатын. Кейін өзі сұранып, соғысқа кір­ді... Арманшыл еді. Маған «Кейін соғыстан соң отбасын құр­ғанда, мені міндетті түрде тойға шақыр, қайтсем де келемін» дейтін. Амал қанша, 1943 жылдың қазан айында Невель түбіндегі Изочи стансысы үшін болған соғыста небәрі 22 жасында көз жұмды. Ол туралы, оның ерлігі туралы біз жыр ғып айттық. Мәншүкті жер қойнына тапсырғанда мен де болдым. Кейінде Невель қаласындағы бір көшенің атын Мәншүк Мәметова есімімен атады. Елге оралып, той жасаған кезде Мән­шүк­тің аманаты деп, бір шақыруға оның атын жаздым. Оның бейнесі – әлі көз алдымда. Кейіндеу Мәншүк ту­ра­лы көркем фильм де түсірілді. Сол кезде оның қою­шы режиссері Мәжит деген жігіт менің Мәншүк ту­ралы әңгімемді арнайы келіп тыңдап еді. Фильмнен сол әңгімелерімнің үзіндісін көрдім. Бұл – батыр қызға арналған мәңгілік ескерткіш. Топырағы торқа болсын», – деді қария терең күрсініп.

Абыз қарт майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін, май­дангерлер үшін мақтаныш болып саналатын Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен ма­ра­пат­талған.




Көрілген: 2553    Пікірлер: 0

бейсенбі, 09.05.2013, 14:40

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Cпорттағы брендіміз

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30