Айбын

Отанды қорғауды орамалдыларға қалдырамыз ба?

  • Отанды қорғауды орамалдыларға қалдырамыз ба?

    Отанды қорғауды орамалдыларға қалдырамыз ба?

Сарбаз атану бұрын әр азаматтың арманы болса, бүгінде неге екені белгісіз, әскерге алыну ажалға өз еркімен берілгенмен бірдей секілді көріне ме деп қалдық. Әйтеуір, тепсе темір үзер жігіттеріміз жаны қалмай қашып, медициналық сараптамадан өтпеу жағын қарастыратыны ешкімге де жасырын емес. «Әскерге жарамсыз» деген сөз бұрын намыс болса, қазір мақтаныш. Неге? Жаратқан еркек кіндіктіні ел қорғауға, намыс үшін жан тапсыруға жаратты емес пе, ендеше, «сенген қойым сен болсаңның...» күйін кешпесек нетті?...


Сарбаздық жайлы салқын сауалнама

«Қандай да бір күн туа қалса, қолыңызға қару алып, әскер қатарында ел қорғауға дайынсыз ба?» деген сұраққа Алматы қа­ласы мен облысы тұрғындарының ішінен 1000 адамға әлеуметтік сауалнама жүр­гізілгенде, міне қызық, «сөз жоқ, дайын­мын» деген ерлер саны 30,6 пайызды құ­ра­са, әйелдер одан асып түсіп, 37 пайызбен таңғалдырған. «Басқа түссе, бағынар едік» деген ерлер – 23,4 пайыз, ал әйелдер – 19 пайыз. «Жобасы келсе, жалтарар ем» де­ген­дердің арасында да ерлер көп – 14,6 пайыз, ал әйелдер небары 10 пайыз ғана. Бас тартушылар арасында еркек кіндікті 11,8, ал нәзік жандылар 17,2 пайыз.

Жоғарыда жүргізілген сауалнама жал­пы, 18 бен 60 жас аралығындағылар бол­са, оларды бүгініміз деп қарамасақ, ер­теңіміз деп айту қиындау. Ал болашақ – бүгінгі мектеп жасындағы жасөспірім­дерде. Сондықтан 15-17 жас аралығындағы 400 жоғары сынып оқушыларына бөлек сауал­нама жүргізілген. Нәтижесі көңілге су сеп­кендей, яғни 65 пайыз жас жеткіншек мек­теп бітірген соң әскерге барудан бас тарт­қан. Оның ең бірінші сылтауы – оқу, яғни әрі қарай жоғары білім алу. Бірақ бір қызығы, қалалықтар мен ауылдықтардың арасында әскерге деген құлшыныс әр алуандықты көрсеткен. Мысалы, қалалық оқушылар арасында сарбаз атануға деген құлық 12,4 пайыз болса, ауылдықтар 43 пайызды құрайды. Ал бастартқандар қа­лада 80,7 пайыз да, ауылда – 47,8 пайыз. Бұл түсінікті, ал енді өзі туып-өскен қазақ елінің әскерінен бастартқандар қатарында, өзге әскер қатарында қызмет етуден бас­тартпайтындар да табылғандарға не дер­сіз?!. Әскерге баруға келісетіндер шы­нында, елін сүйетіндер ме деген сұрақ туындауы заңды? Егер олай болса, керемет! Себебі Отансыз өмір сүргеннен өлуді артық көру деген – ең құрметті сезім. Ол – адам­гершіліктің ең биік шыңы. Әйтсе де бұл тұста да, жеткіншектеріміз көңілді пәсейтеді, яғни өз жеке басының мүддесі үшін. Дәлірек айтсақ, әскери билет алу арқылы мансабын жоғарылату мүмкіндігін көз­дейді. Әскери әдіс-тәсілді меңгеріп, ерлікті шыңдау әр азаматтың Отан алдындағы борышы деп қарайтындар 16 пайыз шамасында ғана.

Әскерге Әзірейілдей қараудың қандай себептері бар?

Қазақстан әскерінен неге қорқатынын жас жеткіншектер былай түсіндіреді:

• Сарбаздардың денсаулығы мен көңіл күйіне деген қамқорлық жоқтың қасы, яғни «солдат адам емес»;

• Әскердің материалдық-техникалық жабдықталуы нашар;

• Жауынгер болу абырой мен бедел емес;

• Биік рух пен темірдей тәртіп, құқықтың қорғалуы деген дәл біздің әскерімізде бар деу қиын;

Кейінгі кездері телеарналарда ашық көрсетіліп жатқан әскерлердегі жағдай да жас жеткіншектер мен олардың ата-ана, туған-туыстарын шошытары анық. Әскерге барудан жалтарудың ең бірінші себебі осы арналардағы «қара пиарда» жатқандай. Ұрып-соғып жатқан сарбаз жайлы роликтер интернет пен ұялы телефондарда да толы. Өздері жасаған қаныпезерлікті өздері тас­паға түсіргендердің алды жауап­кершілікке де тартылып жатыр, бірақ тыйылар түрі жоқ. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі де аз емес. Майданға емес, Отан тыныштығын күзетуге аттандырған ұлынан «қара қағаз» алған аналар қаншама?! Міне, солар қайтіп келесі ұлын әскерге жібере қойсын? Бірақ жіптің екі ұшы барын ескерсек, тек әскерге кеткендер ғана жамандыққа ұшырап жатқан жоқ. Бейбіт күнде өз үйінен кіріп-шығып жүрген жігіттердің арасында да аяқ астынан ажал құшып жатқандары аз емес. Себеп көп: жол апаты, бұзақылық, т.с.с. Сондықтан «битке өкпелеп тонды отқа жақпай», одан да Отанды сүйгізу деген ең басты істі қолға алу керек. Қазір жұртты кино билеген заман. Кинодан не көрсе, халық соған имандай сенеді. Ендеше, қазақ жігіттерін жігерлендіретін кинолар қажет. Қазір тұсаукесері жүріп жатқан «Жаужүрек мың бала» соның бастауы болса жарар еді. Сосын барлық ақын-жазушылар, әншілер, сазгерлер «жылай» бермей, өлімді айтып «аһ ұра бермей», өмірге жігерлендіретін туындылар жазса. Өздері­нің халық рухына қызмет ету керектігін ұмытпаса, өздері қалғымаса!



Әйтпесе

Алаш – ежелден Маралтай ақынша айтқанда, «Арыстар туып, намыстан өлген», «сүйемдей жерге сүйегін берген» жұрт. Бабаларымыз «еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме» деп, тәуліктің қай сәтінде жау шапса да, тас түйін дайын отырған. Қорадағы малын, тіпті қойнындағы жарын берсе де, ұлтарақтай жерін жауға бастырмаған қазақтай елдің бүгінгі қойнауы толы қазына, ұлан-ғайыр мекені – сондай өр рухтың нәтижесінде қалған мұра. Бүгінгі соның игілігін көріп отырған жас ұрпақ табанының астындағы жерде атаның қаны, ананың көз жасы барын сезіне ме? Сезінсе, неге селсоқ? Әлде расында, Абай айтқандай «қарны тоқтық, қайғысы жоқтық» па аздырған? Ел қорғауға дайындайтын әскерден ай мен күннің аманында бас тарту рухсыздықтың белгісі емей немене?





Көрілген: 2965    Пікірлер: 0

сенбі, 05.05.2012, 12:41

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Желтоқсан 2013
    Cпорттағы брендіміз

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30