Желтоқсан рухын жас ұрпаққа өз дәрежесінде ұғындыра алып жүрміз бе?

16 желтоқсан 2010, 13:17

Осыдан тура 24 жыл бұрын Қазақ елі астанасының бас алаңын қызыл қанға бояған Желтоқсан көтерілісі – ұлт тарихының ең азалы беттерінің бірі. Сол арқылы бодандық тамырына балта шабылды. Шовинистік орталық «ұлттар лабораториясына» балап келген Қазақ елінің шын мәнісінде қалғи бастаған ұлттық санасы қайта бір оянып, қазақ болмысының тереңінде бұғып жатқан жауынгерлік рух жастар үнімен қайта атой салды.
Ең бір таңғаларлығы, күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы болған осы бас көтеру ешқандай дайын­дықсыз, нақты бір лидерсіз жүзеге асты. Бүкіл оқиға барысына азаттық аңсаған халықтың ғасырлар бойы тұншыққан ой-арманы, жаншылған мүддесі мен тапталған намысы басшылық етті. Осылайша ел елді­гін танытты. «Ұлттық санасы әлдеқашан жойылған» деп бізді адам қатарына қосу­дан қалған қарсы жақ қазақта бұғауға көнбес, әділетсіздікке төзбес ғаламат зор қайрат барын ұғынды. Қазақ жерінен басталып, әрі қарай Грузия мен Әзірбай­жан­да, қырғыз-өзбек шекарасында, Бал­тық жағалауы елдерінде жалғасқан бұл дүмпулер ақырында мызғымастай көрінген алып империяның тас-талқанын шығарды. КСРО құрамындағы 70 жыл ішінде салт-санасы, әдет-ғұрпы аяқасты болып, өзіндік діні мен ділінен, тілінен ажырауға айналған ұлт республикалары лек-легімен Тәуелсіз­дігін жариялауға тарихи мүмкіндік алды.
   Бір өкініштісі, бүгінде біз Желтоқсан көтерілісінің ғаламдық саясаттағы осынау зор маңызын жеткілікті түрде пайымдай алмай жүрміз. Ол туралы жұрттың айтуы, жазуы бойынша ғана білетін жас ұрпақ Желтоқсанды Қайрат, Ләззат, Ербол сияқты бір топ жастардың жатақхана-жатақха­на­ларды аралап жүріп, құрбы-құрдастарын ертіп шығып, арнайы ұйымдастырған басбұзарлығы тәрізді көретіні де шындық. Ал Қайрат болса ата-анасына түрмеден жазған хатында өзінің алаңға Қонаевтың күйін күйттеп бармағанын, не болып жат­қанын өз көзімен көргісі келгенін және еш­кім­ді өлтірмегенін, тек қыздарды шашынан сүйреп, айуандық әрекеттерге барған біреуді еріксіз ұрып-соққанын жасыр­майды. Сондай-ақ қазақтың қыздары осы­лайша қорланып жатқанда оған сырттай қарап тұратындай, өзінің «ер-азамат қатарында ер-қара саналып, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек емес екендігін» ағынан жарыла айтады. Сол сияқты Ләззат пен Ерболдың да әуелден-ақ «Әр ұлтқа – өз көсемі!» деген бейкүнә талаппен бейбіт шеруге шыққан мыңдаған құрбы-құрдас­тарының қатарында болғаны анық. Және бұл көтеріліс тек Алматымен ғана шектеліп қалған жоқ. Тоталитарлық жүйенің озбыр­лы­ғына, заңсыз әрекеттеріне қарсы нара­зылық толқыны еліміздің Талдықорған, Сарыөзек, Жамбыл, Шымкент, Арқалық, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Павло­дар, Өскемен тәрізді басқа да қалаларында жалғасып, жалпыхалықтық сипат алды. Мұның сыртында өскемендік студент қыз Сәбира Мұхаметжанова сияқты жер-жер­де оқиға салдарынан опат болған немесе түрлі деңгейде жарақат алып, денсаулы­ғынан, ақыл-есінен айырылған, мүгедек болып қалған жасөспірім-көкөрім өрендер қаншама! Олардың ұзын санының қаншаға жетіп жығылатыны бір Аллаға ғана аян. Жалпы, зардабы жөнінен алғанда Желтоқ­сан қырғыны қазақтың арғы-бергі тари­хын­дағы ұлтқа жасалған қастандықтардың ешқайсысынан кем түскен жоқ.
Өкінішке қарай, Желтоқсан көтерілісінің тек Қазақ елінің ғана емес, бүкіл ұлт рес­публикаларының тәуелсіздігіне жол ашқан аса ірі тарихи оқиға болғандығы бертінге дейін ашық айтылған емес. Жазалаушы­лардың «Кімнің айтуымен шықтыңдар?», «Кім ұйымдастырды?» деген сұрағына орай, «аңыз адам» ойлап табуға мәжбүр болған бірқатар жастардың «Алаңға қара «Волга» мінген адамның айтуымен бар­дық» деген амалсыз өтірігі ақырында бүкіл оқиға маңызына көлеңке түсіре жаздады. Сөйтіп, «Желтоқсан – оқиға да, көтеріліс те емес, арандатушылардың ығында кет­кендердің бейбастақ әрекеті. Үгіт жүргізген – Қонаевтың, Асқаровтың адамдары. Желтоқсан солардың айтуымен болды» деген әңгіме орын алды. Соның салдарынан оқиға орын алғаннан кейінгі жылдарда қазақы аймақтың ұл-қызы мейлінше шет­қақ­пай көріп, жоғары оқу орнына түсу барысында әділетсіздіктерге тап болды. Желтоқсанның былайғы жұртқа беймәлім бұдан да басқа беттері, салдарлары, әри­не, жетіп-артылады. Соларды ашу мақ­са­тында бір емес, бақандай бес мәрте ком­ис­сия құрылды. Бірақ ешқайсысының да жұмысы аяғына дейін жеткізілген емес. Өйткені Желтоқсан шындығының айтылуы­на қарапайым халық қаншалықты мүдделі болса, оған қарсы топтың тегеуріні әлі де соншалықты мықты. Сол себепті де Жел­тоқ­сан күні бүгінге дейін көтеріліс ретінде лайықты бағаланбай отыр.
Атап өтерлік тағы бір жайт – қазіргі уақытта желтоқсандықтардың атын жамы­лып, оған кір келтіру, күйе жағу әрекеттері етек алып барады. Сөйтіп, көтеріліс күнде­рінде жастарға қарсы шайқасқандардың өзі «Желтоқсан жаңғырығы» тәрізді сан алуан қоғамдарды құрып алып, алаяқтық­пен өтемақы алуда. Әуелде Қайрат сияқты өлім жазасына кесіліп, кейіннен ол «20 жылға бас бостандығынан айыру» үкімімен алмастырылған Мырзақұл Әбдіқұлов бұл жөнінде «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Кейбір азаматтар оқиғаға қатысы болмаса да, «біз үйттік, біз бүйттік» деп өздерінен қаһарман жасау арқылы шын мәнінде Желтоқсанның зардабын тартқан бауырларымыздың жолын кесіп отыр» деген екен. Мұның бәрі – Желтоқ­санның өз дәрежесінде бағаланбауына мүдделі топтың ісі.
Бұл реттегі шындық мынаған саяды: нағыз желтоқсаншы жастардың көпшілігі оқудан шығып, қаладан қуылған бойы әлдеқашан ел-елге, жер-жерге шашырап кетті. Аты-жөні белгілі болып, ақталған­дары, өтемақы алып, Желтоқсан сайын естелік айтатындары – солардың санаулы бір бөлігі ғана. Шын негізінде, алаңда өлім­ші болып таяқ жеп, түрме қапастарында азап шеккен, жазықсыз жаза тартып, қы­зыл жендеттерден жәбір көрген, бірақ есім­дері сол бойы белгісіз күйде қалып қойған сан мыңдаған ұландардың ешқай­сы­сының да ұлтжандылығы, табандылығы олардан кем емес-тұғын. Сондықтан Желтоқсан дегенде әңгіме тек жекелеген адамдар турасында ғана емес, жалпы, сол кездегі қазақ жастарының қайсар рухы, ұлттық сана-сезімі тұрғысында болғаны әлдеқайда әділетті. Мейлі мектеп оқулық­тарында болсын, мейлі көркем әдебиет пен кино тілінде болсын Желтоқсан көтерілісінің шынайы себеп-салдарлары мен мән-маңызын жас ұрпаққа мейлінше шынайы жеткізу – парыз.