Қайсар қыздың құпия өлімі

16 желтоқсан 2010, 11:59

Сәбира Мұхаметжанова желтоқсанның 21-і күні Өскемендегі педагоги­калық колледж жатақ­хана­сының 5-қабатынан секіріп, мерт болды. Өрімдей жас қыздың қыршынынан қиылуына не себеп? Сәбира Мұха­мет­жанова өлімінің факті­сіне қатысты іс дереу жабыл­ған. Сансыз сауал санада әлі күнге қалықтап тұрады...
«Сәбирамен бірге педагогикалық оқу орнының бір тобында 29 қыз оқыдық», – дей­ді Сәбираның құрбысы және ауылдас қызы Гүлнар Назарханқызы. Сәбира да, Гүл­нар да Шығыс Қазақстан облысы Тар­бағатай ауданының Қарасу кеңшарына қарасты Ақмектеп кеңшарынан. Болашақта ұстаз болсам деген армандарын арқалаған жастардың Өскеменде оқу оқып жүрген кездері.
– Қыздармен бірге жатақханада отыр­ғанбыз, ол желтоқсанның, шамасы, 17-сі күні болатын. Сырттан «Жастар, неге бас көтермейсіңдер?» – деген айғайды естідік. Топтағы ұлдар бар, бәріміз 18 желтоқсан күні ақылдасып, 19-ы күні Ушанов алаңына шықтық. Топтағы 29 қыздың бірі қалмай ереуілге барды. Тәртіп сақшылары бізді таратуға тырысты. Жинап алып, оқу орны­ның акт залына апарды. Сол түнде бізді сақшылар «Ереуілге кім бастап апарды?» деген сұрақтың астына алды. Ешкім ауыз аш­пады. «Бәріміз бірге бардық, ешкім бастаған жоқ», – дедік бірауыздан. Түні бойы бізді қинады. Тамақ ішкізбеді, бір-бірімізбен әңгімелестірмеді. Ертеңіне де тергеу жалғасты. Студенттерде үн жоқ. Со­дан кейін бізді бөлмелерімізге апарды, онда да тергеудің астына алды. Біз, қыздар, жоғарғы қабатта, ұлдар астыңғы қабатта. Жіппен қасыққа хат байлап, ақырындап терезеден төменге жібереміз, «Не істей­міз?» деп сұраймыз. Олар да қасыққа хат бай­лайды. Олар «Ештеңе айтпаңдар, қорықпаңдар» деп жауап жазады. Осылай тағы бір күн өтті. Бізден ереуілге бастап апарған адамды айтуымызды талап етті. Қыздар неше күн ас-су ішпеген. Естерінен айырылып, талып та жатты. Қатты қинал­дық. Қамаудағы үшінші күн желтоқсанның 21-і болатын. Тағы да тергеу жалғасты. Сұрақ­тың астына алды: «Кім бастады, айтың­дар!» Сол кезде Сәбира атып тұрып: «Мен бастадым, бастаған мен едім», – деп орнынан тұрды. Біз шу ете түстік. «Жоқ, бә­рі­міз бірге ақылдасып бардық», – дедік жамыраса. «Бастаған адамды таптық, қал­ғандарың да жазасыз қалмайсыңдар. Әке-шешелеріңді дереу шақыртыңдар», – деді. Бәріміз телефон торабына кеткенбіз. Осы кезде бөлмеде Сәбира жалғыз қалған. Жа­тақ­ханадағы тағы бір құрбымыз Сәби­ра­ға сақшылардың «түрмеде шірисің» деген сияқты ауыр-ауыр сөздер айтқанын естіген. 16 жастағы жас қысымға шыдай алмай, терезеден секіріп кетті. Бәлкім... Жауабы жоқ сансыз сұрақ... Анығы сақшы­лар­дың қысымынан кейін Сәбираны қайта көрмедім. Ол өжет те қайсар қыз еді. Ар­ман-қиялы көп еді. Бір ауылда өстік. Қол ұстасып, бірге оқуға келдік. Бір бөлмеде тұрдық, бір топта оқыдық. Желтоқсанның 21-і күні Сәбирадай жан құрбымнан айы­рылдым. Жұмбақ қаза, дәл сол кезде мен оның жанында болмадым, соңғы сөзін ес­ти алмадым. Сол өкінішті... – дейді Сәбира Мұхаметжанованың құрбысы Гүлнар На­зар­ханқызы.
Сәбираның құрбысы Гүлнар  осыдан 24 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаны боямасыз баяндап берді. Сәби­раның ұстаз болсам деген арманына Гүлнар қол жеткізді. Семей қаласындағы №32 мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Гүл­нар құрбысы Сәбира жайлы «Үзіліп түскен жауқазын» атты «Ана тілі» оқулы­ғында жазылған әңгімені осыдан 10-15 жыл бұрын балаларға аса тебіреніспен жет­кізетін. Онда Сәбираның балалық кезі жайлы жазылған еді. Ал жаңа оқулықтан ол әңгіме алынып тасталған. Жаңа кітапта Сәбира, Қайрат, Ләззаттар «Ұлтының қай­сар ерлері, Желтоқсанның құрбандары» деп бір ауыз сөзбен қысқа ғана жазы­лып­ты.
Сәбира Мұхаметжанованың туған ауылындағы мектеп қазір оның есімімен аталады. Ол да Қайрат, Ербол, Ләззаттардай ұлтының азаттығы үшін жанын қиды. Елінің Тәуелсіздігі жолында болған осындай оқиғалар төл тарихымыздың қастерлі парақ­тары ретінде әрқашан есімізде сақта­лады.